Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

Қазақстан Республикасының «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңын іске асыру мақсатында «Май ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, оларға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу және жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлік беру» мемлекеттік қызметін көрсетеді.

Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.

Бұрын куәлік алмаған азаматтар немесе полигондық куәлігін жоғалтқан азаматтар «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы куәлік беру немесе жоғалған жағдайда оның телнұсқасын беру туралы өтінішпен жүгінеді.

Қабылдау азаматтың тіркелген жері бойынша «электрондық кезек» тәртібімен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 ақпандағы № 110 қаулысымен белгіленген тәртіпке сәйкес, бұрын берілген куәлікпен қатар, 1949-1965 жылдар және 1966-1990 жылдар кезеңдерінде радиациялық қатер аймақтарында тұрғанын растайтын осы құжаттар ұсынылуы мүмкін:

1. мұрағаттық анықтамалары, Халық депутаттарының ауылдық және кенттік кеңесінің, тұрғын үй-пайдалану басқармаларының, үй басқармаларының, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің, пәтер иелері кооперативтерінің анықтамалары;

2. еңбек кітапшасы;

3. оқу орнын бітіргені туралы диплом;

4. әскери билет;

5. туу туралы куәлік, орта білім туралы аттестат, негізгі мектепті бітіргені туралы куәлік.

Азаматтың радиациялық қатер аймақтарында тұрған фактісі мен кезеңі расталған жағдайда, полигондық куәлікті, оның ішінде телнұсқасын беру туралы  шешімді аудандық арнайы комиссия қабылдайды. Куәлік немесе оның телнұсқасы бес жұмыс күні ішінде азаматқа беріледі.

Егер тұру фактiсi мен кезеңiн растайтын мұрағаттық және өзге де құжаттар сақталмаса, онда азамат өзiнiң ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақта тұрғанының заңды фактiсi мен кезеңiн анықтау туралы өтiнiшпен тұрғылықты жерi бойынша сотқа жүгiне алады.  

Бұдан әрі азамат соттың  оң шешімін алған жағдайда, «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы мемлекеттік қызметті алу үшін жүгіне алады.

 

 

 

Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеуге өтініш берген кезде өтемақыны қайталап төлеу фактілеріне  жол бермеу жөнінде шаралар қабылданады.  Егер азаматқа бұрын өтемақы төленген болса, оны қайта төлеуге жол берілмейді.

Тексеру нәтижесінде Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматқа өтемақы төленгені анықталған жағдайда, аудандық арнайы комиссиясы азаматты тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Мемлекеттік қызметті алуға өтініш берген азамат мемлекеттік қызмет көрсетілу мәртебесі туралы ақпаратты порталдағы «жеке кабинет» арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде, қызмет көрсетушінің анықтама қызметі арқылы, сондай-ақ «1414» бірыңғай байланыс орталығының 8-800-080-7777 телефоны арқылы ала алады.

Қосымша ақпарат алу үшін «Май ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 8 (718) 38-91-353 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-maysk/press/news/details/1328477?lang=kk