«ЖІБЕК ЖОЛЫ» АУДАНЫНДА 7 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫП, 540 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» АУДАНЫНДА 7 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫП, 540 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ


Тараз қаласының «Жібек жолы» ауданында кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық беріліп отыр. Биыл ауданда жалпы құны 14 млрд 50 млн теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, шамамен 540 тұрақты жұмыс орны ашылдыдеп хабарлайды baq-orda.kz.

Ауданда бүгінде 14 673 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 14 664-і шағын кәсіпкерлікке жатады. Сауда, қызмет көрсету, өндіріс және қоғамдық тамақтану бағыттарында 774 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді.

Іске асырылған инвестициялық жобалардың қатарында «Таразқант» зауыты, «Ағали» тігін өндірісі, «Zerbulak» қонақүйі, «Астана-POLYTECH» құбыр зауыты, «Dentex» тіс емханасы, «Тараз новые технологии» темір өңдеу цехы және «КЕЗЕР» тігін фабрикасы бар.

Олардың ішіндегі маңызды жобалардың бірі – «Таразқант» зауыты. Кәсіпорын 2026 жылғы 25 қазанда іске қосылды. Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне 1 000 тонна қант қызылшасын қабылдайды. 5 қарашадан бастап бұл көлемді тәулігіне 3 500–4 000 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Жалпы маусымда 200–250 мың тонна қызылша қабылдау көзделіп отыр.

Ауданның ауыл шаруашылығы әлеуеті де айтарлықтай. Мұнда 499 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Егіс жұмыстарына 69 трактор мен 87 техника тартылған. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша 72,73 мың тонна өнім жиналған. Сонымен қатар 2 360 гектар алқаптан 88 161 тонна өнім алынған. Оның ішінде 45 346 тонна мал азығы дайындалды.

Өнімді сақтау мүмкіндіктерін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандағы 39 көкөніс сақтау қоймасында 42,8 мың тонна пияз және 6 мың тонна картоп сақтаулы. Сәбіз бен пияз сақтауға арналған қоймаларда қосымша 25,6 мың тонна бос орын бар.

Кәсіпкерлерге қолдау көрсету және сауда саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында тұрақты кездесулер ұйымдастырылып келеді. Әлеуметтік жәрмеңкелер әр сенбі сайын өткізіліп, ауданның 11 шаруа қожалығы өз өнімдерін төмендетілген бағамен ұсынады. Сонымен қатар 63 кәсіпкерлік субъектісімен аумақтарды абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау жөнінде меморандум жасалған.

Ауданда экологиялық ахуалды жақсарту, көгалдандыру және тазалықты сақтау жұмыстары да қатар жүргізілуде. Көктемде 12 835 түп ағаш отырғызылды. Күзгі маусымда Қызыл Абад алабында 10 мың тұт ағашын егу жұмыстары жүргізілді. Бұл бастама аумақты көгалдандырумен қатар, «Жібек жібін өндіру» жобасымен де сабақтасып отыр.

Тазалық бағытында жыл басынан бері ауданнан 7 мың тоннадан астам қоқыс белгіленген полигондарға шығарылды. 13 стихиялық қоқыс орны жойылып, 500 тоннадан астам қалдық арнайы орындарға жеткізілді. Қыркүйек-қазан айларындағы сенбіліктерге 180 мекеме, кәсіпкер және тұрғын қатысып, нәтижесінде 310 тонна қоқыс шығарылды.

Қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету үшін бақылау жұмыстары да күшейтілген. Жұмысшы топ 5 165 нысанды аралап, абаттандыру талаптарының сақталуына қатысты ескертулер мен әкімшілік шаралар қолданған.

Алдағы жылы ауданда кәсіпкерлік пен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жаңа бастамалар жоспарланған. Атап айтқанда, 500 млн теңгеге медициналық академия және Ақбұлым алабында 100 млн теңгеге 50 орындық «Сұңқар» оқыту орталығын ашу көзделіп отыр.

Осылайша, «Жібек жолы» ауданында өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және сақтау, экологиялық ортаны жақсарту бағытындағы жұмыстар өзара сабақтастықта жүзеге асуда. Жаңа жобалар экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, тұрғындарды жұмыспен қамтуға және ауданның әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1328230?lang=kk