Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау тәртібі

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау тәртібі

Қазақстан Республикасындағы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі азаматтарға өмірлік түрлі жағдайларда көмек көрсетуді көздейді. Осындай жағдайлардың бірі – асыраушысынан айырылу.

Азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алу құқығы 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің нормаларымен реттеледі.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады. Бұл ретте оларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындаудың міндетті шарты – Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруы.

Қандай туыстары жәрдемақы алуға үміткер бола алады?

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындау құқығына қайтыс болған асыраушының асырауында болған, еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелері ие.

Оларға мыналар жатады:

  • Кәмелетке толмаған туған және асырап алынған балалар, сондай-ақ ата-аналарынан алимент алмайтын өгей ұлдар мен өгей қыздар;

  • Еңбекке қабілетті ата-аналары жоқ, 18 жасқа толмаған аға-інілері, апа-сіңлілері және немерелері;

  • Жоғарыда аталған, 18 жасқа толғанға дейін мүгедектігі белгіленген адамдар;

  • Жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алып жатқан 18 жастан асқан азаматтар. Жәрдемақы оқу орнын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жасқа толғаннан аспайтын мерзімге төленеді. Бұл ретте академиялық демалыста болған кезең де есепке алынады;

  • Зейнеткерлік жасқа толған әкесі, анасы (оның ішінде асырап алушылары), жұбайы;

  • Оларды асырауға міндетті адамдары және күнкөріс көздері болмаған жағдайда, зейнеткерлік жасқа толған атасы мен әжесі;

  • Қайтыс болған асыраушының сегіз жасқа толмаған балаларын, аға-інілерін, апа-сіңлілерін немесе немерелерін күтуіне байланысты жұмыс істемейтін, жасына және еңбекке қабілеттілігіне қарамастан, ата-анасының бірі, жұбайы, атасы, әжесі, ағасы немесе әпкесі.

Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қатысты Әлеуметтік кодекстің нормалары сот тәртібімен тиісті фактілер анықталған жағдайда хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдардың отбасыларына да қолданылады.

Жәрдемақыны тағайындау және төлеу тәртібі

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар отбасының барлық мүшесіне бір ортақ жәрдемақы тағайындалады.

Отбасы мүшесінің талабы бойынша жәрдемақының оған тиесілі үлесі бөлініп, жеке төленеді. Үлесті бөлу туралы өтініш берілген күннен бастап жүзеге асырылады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар отбасы мүшелерінің саны өзгерген кезде, алушылардың саны ескеріле отырып, жәрдемақы мөлшері тиісінше ұлғайтылады немесе азайтылады.

Жәрдемақы мөлшері күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты да қайта қаралады. Күнкөріс деңгейі артқан жағдайда асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы мөлшері

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күнкөріс деңгейі 46 228 теңгені құрайды.

Еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелерінің саны Күнкөріс деңгейіне еселенген қатынасы Жәрдемақы мөлшері (теңге)
1 еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесіне 0,92 42 530
2 еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесіне 1,70 78 588
3 еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесіне 2,25 104 013
4 еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесіне 2,60 120 193
5 еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесіне 2,75 127 127
6 және одан да көп еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесіне 3,00 138 684
Толық жетім балаларға (әр балаға) 1,54 71 192
Осы отбасының өзге мүшелеріне 0,62, бірақ барлық отбасы мүшелеріне 2,92-ден аспайды 28 662

Әскери қызметшілердің отбасы мүшелері үшін жәрдемақы мөлшері отбасының әрбір еңбекке қабілетсіз мүшесіне күнкөріс деңгейінің 0,29 мөлшеріне ұлғайтылады, бірақ отбасының барлық мүшесіне күнкөріс деңгейінің 2,92 мөлшерінен аспауға тиіс.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша әлеуметтік төлемдер

Егер қайтыс болған асыраушы еңбек қызметін жүзеге асырған және ол үшін жұмыс беруші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдар төлеген болса, оның асырауындағы адамдар асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық табысқа, табысты алмастыру коэффициентіне, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және асырауындағы адамдардың санына байланысты болады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhambyl/press/news/details/1328227?lang=kk