АЗИЗХАН ИСМАИЛОВ: ҚАЗЫҒҰРТ АУЫЛЫ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

АЗИЗХАН ИСМАИЛОВ: ҚАЗЫҒҰРТ АУЫЛЫ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы аясында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қазығұрт ауылы округінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы ауылдық округте осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен міндеттерді баяндады.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ауыз сумен қамтамасыз ету, Тасанбаев атындағы мектепте білім алатын оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектепке қатынайтын көпірге жарықтандыру шамдарын орнату, Кезеңбұлақ елді мекеніне фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) және балалар ойын алаңшасын, спорт кешенін салу мәселелері сөз болды.
Аудан басшысы тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды. Осы бағытта Қазығұрт ауылы округінің әкімі Сәкен Атымтаевқа және тиісті сала басшыларына әрбір мәселені заң талаптарына сәйкес зерделеп, нақты шешу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырмалар берді.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі билік пен халық арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және ауылдардағы қордаланған мәселелердің оң шешімін табуы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Билік пен халық арасында ашықтықты қалыптастыру, әрбір азаматтың ұсыныс-пікірін тыңдап, заң аясында шешілуіне мүмкіндік жасау – басты ұстанымымыз. Сонымен қатар ауылдардағы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді өз көзіммен көріп, олардың оңтайлы шешілу жолдарын қарастыруды маңызды санаймын», – деді аудан әкімі.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1328193?lang=kk