«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында ҚР Президентінің Жолдауын түсіндіру бойынша жұмыс тобы Тараз қаласының жұртшылығымен кездесу өткізді.
Жиын барысында қала әкімі Бақытжан Орынбеков Жолдау аясында жүктелген тапсырмалардың жүзеге асырылу барысы жайлы баяндады.
«Инфрақұрылымдық серпіліс – «Халықтық құрылыс»» бағыты бойынша соңғы жылдары шаһарда тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылым және инженерлік желілер құрылысы қарқынды іске асырылып келеді.
Атап айтқанда, соңғы 4 жылда бюджет есебінен 58 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл шаһар аумағында 62 тұрғын үй бой көтеруде.
Сондай-ақ соңғы жылдары қалада 302 шақырымды құрайтын 509 көшеге асфальт төселсе, 8 көше қайта жаңғыртылды. Одан бөлек, «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алаптарындағы және 28 саяжайдағы 320 көшеге қиыршық тас жол салынды. Сонымен қатар «Бурыл А,Б,В» алқабындағы 75 көшеге және «Барысхан» алабында 24 көшеге асфальт жабындысы төселді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы 4 жылда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 56,2 пайыздан 80 пайызға дейін артты.
«Энергетикалық теңгерімді жаңарту» бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Осыған орай шаһар маңындағы саяжай алаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы аяқталды. Осының аясында 271 көшеге жарық шамдары орнатылып, шаһардағы 1 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды.
«Бизнесті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту» бағытында 2023-2026 жылдары 60,2 миллиард теңгеге 24 ірі жоба іске қосылып, нәтижесінде аясында 1 131 жаңа жұмыс орыны құрылды.
Жыл соңына дейін 29,4 миллиард теңгені құрайтын тағы 11 жобаны іске асыру жоспарлануда. Онда 269 жаңа жұмыс орындары ашылады.
Туризмді дамыту шеңберінде жеке инвестицияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы «Зербұлақ» қонақ үйі және «Талбесік» демалыс аймағы пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, халықаралық стандарттағы 120 бөлмелі «Hilton» және 110 бөлмелі «Sheraton» қонақ үй кешендерінің құрылыстары басталды.
«Әлеуметтік саясат және халықтың табысын арттыру» бағыты бойынша Президент тапсырмасы негізінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру көзделіп отыр. Бұл 45 мыңға жуық қала тұрғындарының табысының артуына әсер етеді.
Келесі кезекте аталған топ мүшелері – Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Уәлихан Болатбек Жолдаудың басым бағыттарына тоқталып, алда тұрған негізгі міндеттерді атап өтті.
Кездесу барысында тұрғындар да көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.ҚР Президентінің Жолдауын түсіндіру бойынша жұмыс тобы Тараз жұртшылығымен кездесті