Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс жоспарына сәйкес Сарапхана ауылы округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауылдық округте атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер туралы баяндады.
Кездесудің басты мақсаты – тұрғындармен ашық пікір алмасу, халықтың талап-тілегін тыңдау, елді мекендердегі өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастыру.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, ұсыныс-пікірлер айтылды. Атап айтқанда, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, қосымша су ұңғымасын қазу, газдандыру, Жіңішке елді мекеніндегі көпірді жөндеу, электр жарығымен қамту, ауылдағы интернет жылдамдығын арттырып, 5G желісін орнату мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар тұрғындар зейнетақы төлемдерін жеткізетін пошта қызметкерінің тұрақты келуін қамтамасыз ету, Махамбет елді мекеніндегі көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде өтініштерін білдірді.
Аудан әкімі тұрғындардың әрбір ұсынысы мен өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер берді. Сонымен қатар жауапты сала басшыларына айтылған мәселелерді жан-жақты зерделеп, заң талаптарына сәйкес шешу жолдарын қарастыру, мүмкіндігіне қарай тиісті жоспарларға енгізу және кезең-кезеңімен жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Тұрғындармен өткізілетін мұндай ашық кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, елді мекендердегі өзекті мәселелерді анықтап, олардың оң шешімін табуына мүмкіндік береді. Басты мақсат – тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру.