Алматы облысында үздік мемлекеттік айыптаушылар анықталды

Алматы облысының прокуратурасында мемлекеттік айыптаушылар арасында кәсіби шеберлікті арттыруға, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдыларын жетілдіруге және озық тәжірибені таратуға бағытталған байқау өтті.

Байқауға 29 қызметкер қатысты. Олардың ішінде 6 аудандық және қалалық прокурор, 8 орынбасар, 13 орындаушы және облыс прокуратурасы аппаратының 2 қызметкері бар.

Байқау екі кезеңнен тұрды: ағымдағы жылы қаралған қылмыстық істер бойынша материалдарды іріктеу және оларды конкурстық комиссия алдында таныстыру. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 12 жұмыс іріктелді.

Қатысушылар сот алқабилерінің қатысуымен қаралған істерді қоса алғанда, қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша материалдарды ұсынды. Олардың қатарында Қарасай ауданында иттердің балаға шабуыл жасауына байланысты, интернетте жалған ақпарат тарату, №14 мекемеде ақша бопсалау, дропперлерді пайдалану арқылы алаяқтық жасау, 8 мыңнан астам жәбірленушісі бар қаржы пирамидасын құру, сондай-ақ 20 келіден астам психотроптық заттарды заңсыз айналымға енгізу фактілері бойынша қылмыстық істер бар.

Байқау қорытындысы бойынша бес номинацияның жеңімпаздары анықталды:

-        «Үздік мемлекеттік айыптаушы» – облыс прокуратурасының 2-басқарма прокуроры Мүсірбай Ернат;

-        «Қазақ тіліндегі үздік мемлекеттік айыптаушы» – Қарасай ауданының прокуроры Өмербаев Нұрбол;

-        «Белсенді мемлекеттік айыптаушы» – Талғар ауданы прокурорының орынбасары Қаптағаев Жарқын;

-        «Креативті мемлекеттік айыптаушы» – Қонаев қаласының прокуроры Жакаев Жанибек;

-        «Үздік сөз шебері» – Алматы облысының прокурорының аға көмекшісі Құланбаев Ерлан.

Мұндай байқаулар мемлекеттік айыптауды қолдау сапасын арттыруға, прокурорлардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және үздік тәжірибені қызметте кеңінен қолдануға ықпал етеді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-almaty-obl/press/news/details/1326974?lang=kk