Қауіптің алдын алатын технологиялар. Қазақстанда цифрлық шешімдер адам өмірін қалай сақтайды

Қауіптің алдын алатын технологиялар. Қазақстанда цифрлық шешімдер адам өмірін қалай сақтайды

            Солтүстік Қазақстан облысында жүгері алқабында жоғалып кеткен әйелді құтқарушылар тепловизормен жабдықталған дронның көмегімен бір сағат ішінде тапты. Алматы облысында да дрон тау шатқалында адасып кеткен он адамды табуға көмектесті. Осындай әрбір құтқарудың артында жедел әрі дәл әрекет етуге мүмкіндік беретін технологиялар тұр. 10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні. Осыған орай Қазақстан ТЖМ заманауи технологиялардың адамдарды іздеуге, қауіп-қатердің алдын алуға және адам өмірін сақтауға қалай көмектесетінін баяндайды.

2025-2026 жылдары ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 73 адам табылып, құтқарылды. Бүгінде ТЖМ бөлімшелерінде 242 ҰҰА бар, оның 187-сі жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған. Олар адамдар мен көлік құралдарын анықтауға, жетуі қиын аумақтарды тексеруге, түнгі уақытта бақылау жүргізуге және іздестіру топтарына координаттарды жіберуге қабілетті. 2026 жылы ұшқышсыз ұшу аппараттары 4 647 операцияда қолданылды. Алматы және Қарағанды облыстарында үш автономды кешен док-станцияларымен бірге жұмыс істеп тұр. Олар алдын ала белгіленген маршруттар бойынша ұшып, ақпаратты жедел басқару орталықтарына жеткізеді.

Цифрлық шешімдер төтенше жағдайлардың алдын алуға да мүмкіндік береді. Орман өрттерін ерте анықтау камералары ақпаратты ТЖМ-нің Жағдайлық орталығына жіберсе, мониторинг жүйелері табиғи қауіптерді бақылауға және су тасқыны жағдайын болжауға көмектеседі. Су айдындарында дауыс зорайтқыштармен жабдықталған дрондар демалушыларға қауіп туралы ескерту жасайды. Абай облысында тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын цифрлық есепке алуға арналған «Тұмар 112» қосымшасы сынақтан өтуде. Сонымен қатар ұялы байланыс жоқ таулы аймақтарда адамдардың орналасқан жері туралы деректерді жіберуге арналған шешімдер әзірленіп жатыр. Бұл технологиялардың барлығы қауіп-қатерді ертерек анықтауға, әрекет ету уақытын қысқартуға және қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Цифрландыру қазіргі құтқару жүйесінің маңызды бөлігіне айналды. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының, байланыс арналарының, хабарлау және мониторинг жүйелерінің жұмысында олардың сенімділігі мен үздіксіз қызметін қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі зор. Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай Қазақстан ТЖМ сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтайды. Олардың еңбегі құтқарушыларға шешуші сәттерде дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Өйткені ақпараттың уақытылы алынуы адам өмірін сақтауда маңызды рөл атқарады.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1326967?lang=kk