Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылғы 26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде жүргізілген вакцинация туралы SMS-хабарламалар жіберу функциясы енгізілді.
Енді вакцинация туралы мәліметтер «Вакцинация» модуліне тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен вакцинация жүргізілген күні көрсетілген SMS-хабарлама автоматты түрде жіберіледі.
Жаңа сервис вакцинация есебінің ашықтығын арттыруға, екпе туралы мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және халықпен кері байланысты нығайтуға бағытталған.
Ақпаратты растау үшін азаматтарға келіп түскен SMS-хабарламаға төмендегі екі нұсқаның бірімен жауап беру ұсынылады:
- «811» («Иә») — егер вакцинация шынымен жүргізілген болса;
- «812» («Жоқ») — егер екпе жүргізілмеген болса.
Жауапты 1414 қысқа нөміріне жіберу қажет.
Егер SMS-хабарламадағы ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, азамат бұл туралы жауап хабарламасы арқылы хабарлай алады. Бұл нақты жүргізілген вакцинация мен медициналық ақпараттық жүйеге енгізілген мәліметтер арасындағы ықтимал сәйкессіздіктерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Вакцинация туралы қосымша ақпаратты eGov Mobile мобильді қосымшасынан алуға болады.
Аталған функцияны енгізу вакцинация туралы цифрлық деректердің дұрыстығын арттыру, иммундау есебін жүргізу жүйесін жетілдіру және халықтың сенімін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.