Жас фермер. Жас кәсіпкердің жаңа белесі

Жас фермер. Жас кәсіпкердің жаңа белесі

Жетісу облысының жас кәсіпкері Азат Көпжасаров құрылыс саласынан ауыл шаруашылығына бет бұрып, жеке мал шаруашылығы кәсіпорнын құрып мүлдем жаңа бағытқа бет бұрды. 

Бүгінде ол етті бағыттағы ірі қара шаруашылығын дамытып, мал өсіру мен бордақылаудың заманауи технологияларын енгізуде. Алдағы мақсаты – өндірістің барлық кезеңін қамтитын толық циклді агроөнеркәсіптік кешен құру.

Азат Көпжасаров 1996 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Еңбекті ұйымдастыру және нормалау» мамандығы бойынша білім алып, «Нархоз» университетін үздік бітірген.

Еңбек жолын «Alageum Electric» компаниялар тобында кадрлар жөніндегі маман болып бастаған. Кейін құрылыс саласына ауысып, «Нұр Строй» серіктестігін басқарды. Бес жыл бойы Түркістан қаласындағы ірі құрылыс жобаларын жүзеге асыруға қатысып, ұжымды басқару, өндірістік үдерістерді ұйымдастыру және кәсіпкерлік жүргізу бағытында мол тәжірибе жинақтады.

Алайда уақыт өте келе жас кәсіпкер қызмет бағытын өзгертіп, болашақ кәсібін ауыл шаруашылығымен байланыстыруды ұйғарды.

Өткен жылы «NAT AGRO» серіктестігін құрып, соңғы екі жылда мал шаруашылығын дамытуға ден қойды. Осы уақыт аралығында саланың қыр-сырын зерделеп, өндірісті ұйымдастырудың өзіндік жүйесін қалыптастыруға кірісті.

Шаруашылықты ұйымдастыру барысында Азат Көпжасаров етті бағыттағы мал өсірудің заманауи технологияларына және Австралияның мал бағу мен өсірудегі озық тәжірибесіне басымдық берді.

Бүгінде шаруашылықта ірі қараның төрт тұқымы өсіріледі. Олар – герефорд, қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл және абердин-ангус тұқымдары. Бордақылау алаңының жобалық қуаты – 2 200 басқа дейін. Қазіргі таңда мұнда 1 200 бас ірі қара бар.

Кәсіпорынның иелігінде бордақылау алаңына арналған 9,6 гектар жер, 360 гектар суармалы алқап және 4 мың гектар жайылымдық жер бар. Алдағы уақытта шаруашылық жылына 1 500 тоннаға дейін ет өндіруді мақсат етіп отыр.

Кәсіпорынның дамуы тек бизнестің өркендеуіне ғана емес, ауыл экономикасының нығаюына да ықпал етеді. Бүгінде мұнда 21 тұрақты жұмыс орны ашылған.

Өндіріс көлемінің артуы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және аграрлық кәсіпкерліктің сабақтас бағыттарын дамытуға қосымша мүмкіндік береді.

Жас кәсіпкердің жоспары мал басын көбейтумен ғана шектелмейді. Кәсіпорынды дамытудың келесі кезеңінде Ақсу ауданында толық өндірістік циклді қамтитын біріктірілген агроөнеркәсіптік кешен құруға арналған инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.

Жоба аясында өндірістің негізгі кезеңдері біртұтас технологиялық тізбекке біріктіріледі. Яғни малды бордақылаудан бастап, сою, ет өнімдерін сақтау және дайын өнімді өткізуге дейінгі жұмыстар бір жүйеге келтіріледі. Бұл кәсіпорынға жеке өндірістік инфрақұрылымын қалыптастыруға, жұмыс тиімділігін арттыруға және шығарылатын өнімнің қосылған құнын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Азат Көпжасаров үшін ауыл шаруашылығы ұзақ мерзімді инвестициялық жоба. Басты мақсаты – заманауи талаптарға сай, бәсекеге қабілетті шаруашылық қалыптастыру, өндірістік қуатты кезең-кезеңімен арттыру және елімізде ет өндіру көлемін ұлғайтуға үлес қосу.

Жас кәсіпкердің бұл жолы аграрлық саланың бастамашыл жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге толы екенін көрсетеді. Бүгінде ауыл шаруашылығына түрлі салада тәжірибе жинақтаған мамандар келіп,  заманауи басқару тәсілдерін, озық технологиялар мен инвестициялау тәжәрибелерін үлгі етуде. Мұндай жобалар мал шаруашылығын дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл экономикасын нығайтуға және қазақстандық фермерлердің жаңа буынын қалыптастыруға жол ашады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-eskeldi/press/news/details/1326948?lang=kk