Ықтимал қауіпті жағдай туындағанда дер кезінде әрекет ету, мұқият болу және сабыр сақтай білу аса маңызды.
Көп жағдайда оқиға куәгерлерінің бастапқы дұрыс әрекеттері қажетті қызметтерді дер кезінде шақыруға және қауіпті оқиғалардың өршуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
Бұл мәселе әсіресе террористік тұрғыдан осал объектілерге жататын ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері үшін өзекті.
Әрбір қызметкер қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек басшылықтың немесе күзет қызметінің міндеттерімен шектелмейтінін түсінуі керек. Белгіленген ережелерді сақтау, айналадағы жағдайға мұқият қарау және ықтимал қауіп туралы хабарлауға дайын болу — ортақ қорғаныс жүйесінің бір бөлігі.
Ерекше сақтықты қажет ететін жағдайлардың бірі — күдікті немесе иесіз қалған затты табу.
Мұндай жағдайда табылған затқа қол тигізуге, оны ашуға, орнынан қозғауға немесе өз бетінше тексеруге болмайды. Қауіпсіз арақашықтыққа алыстап, маңайдағы адамдарға ескертіп, жағдай туралы объект әкімшілігіне немесе құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.
Ықтимал қауіп туралы ақпарат алынған кездегі дұрыс әрекеттер де кем емес маңызды.
Ұйым қызметкерлері бекітілген нұсқаулықтарды басшылыққа алып, жауапты тұлғалардың нұсқауларын орындауы және дүрбелең тудыруы мүмкін тексерілмеген мәліметтерді таратпауы керек.
Эвакуация жарияланған жағдайда адамдардың тығыз жиналуына жол бермей, жеке заттарды алу үшін кері қайтпай, көрсетілген қауіпсіз бағыттармен ғимараттан сабырлы түрде шығу қажет.
Тікелей қауіп төнгенде жағдайды ушықтыруы мүмкін әрекеттерге бармай, ең алдымен өзіңіздің және айналадағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.
Қазақстанда шұғыл көмекке жүгіну үшін 112 бірыңғай нөмірі және полицияның 102 нөмірі жұмыс істейді. Ақпарат бергенде оқиға орнын нақты атап, қауіптің сипатын сипаттап, диспетчердің ұсынымдарын орындау маңызды.
Персоналды даярлауда профилактикалық нұсқамалар, оқу сабақтары мен практикалық жаттығулардың өзіндік орны бар.
Олар қызметкерлерге ден қою тәртібімен алдын ала танысуға, міндеттердің бөлінуін түсінуге және қалыптан тыс жағдайларға дайындықты арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге дайын болу үнемі қауіп күтумен бірдей емес. Керісінше, қауіпсіздік ережелерін білу сенімдірек әрекет етуге және негізсіз дүрбелеңге жол бермеуге көмектеседі.
Қырағылық, сабырлылық және мамандарға уақтылы хабарлау — ықтимал қауіптердің ауыр салдарының алдын алудың маңызды шарттары.
Материалды ҰҚК Астана қаласы бойынша департаментінің ТҚО басқармасы дайындаған