АЗИЗХАН ИСМАИЛОВ: АУЫЛДАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ МІНДЕТ

АЗИЗХАН ИСМАИЛОВ: АУЫЛДАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Жігерген ауылы округінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, тұрғындармен ашық әрі сындарлы диалог орнату, елді мекендердегі өзекті мәселелерді талқылау және олардың шешілу барысы туралы ақпарат беру.
Кездесу барысында тұрғындар ауыл округіндегі бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыз сумен қамту, Татулық және Жастар көшелеріне асфальт төсеу, Дүйсенбеков көшесіне жарықтандыру орнату, Айнатас елді мекеніндегі тозығы жеткен 30 электр бағанасын ауыстыру, кірме жолдарды жөндеу, трансформатор орнату мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар, Тесіктөбе елді мекеніндегі жол бойында орналасқан ауыз су құдықтарының қақпақсыз, ашық жатқаны және Қызылбұлақ елді мекеніндегі Б. Құдайназаров атындағы мектептің сыртқы қаптамасын жаңарту қажеттігі де назарға ұсынылды.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берді. Көтерілген мәселелердің әрқайсысы зерделеніп, заң талаптарына сәйкес шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына бірқатар мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауда болатынын атап өтті.
Кездесу соңында аудан басшысы Жігерген ауылы округінің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1326916?lang=kk