Алматыда Әлібек Дінішевтің шығармашылық кездесуі мен концерті өтті

Алматыда Әлібек Дінішевтің шығармашылық кездесуі мен концерті өтті

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Дінішевпен шығармашылық кездесу және әншінің концерті өтті.

Кездесу барысында осы оқу орнының түлегі Әлібек Дінішев студенттік жылдары мен ұстаздары туралы естеліктерін айтып, өнер жолындағы қалыптасу кезеңін еске алды. Ол Надия Шарипованың ұстаздық шеберлігі мен кәсіби талапшылдығын, отандық вокал мектебінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Кездесу концертке ұласып, көпшілік әйгілі әншінің орындауындағы шығармаларды тыңдады.

Іс-шара Қазақ КСР халық әртісі, профессор Надия Шарипованың туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық дөңгелек үстел аясында өтті. Дөңгелек үстел өнер иесінің ұстаздық мұрасы мен Қазақстандағы вокал өнерін дамытуға қосқан үлесіне арналды.


ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mam;culture/press/news/details/1326905?lang=kk