Қазақстан мен Чехия атом энергетикасы және стратегиялық маңызы бар салалардағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Чехия атом энергетикасы және стратегиялық маңызы бар салалардағы ынтымақтастықты нығайтуда

Прага, 2026 жылғы 22 қазан – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Оңтүстік Чехия өлкесіне сапары барысында «Темелин» Атом электр станциясына барып, оның директоры Петр Мештанмен және Глубока-над-Влтавой қаласының әкімі, Чех Республикасы Сенатының мүшесі Томаш Йирсамен кездесті.

Кездесуде Қазақстан мен Чехияның атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ мен Чехияның «ČEZ» энергетикалық компаниясы арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту, соның ішінде «Темелин» АЭС-іне қазақстандық уран жеткізу мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Әңгімелесу барысында атом электр станцияларын қауіпсіз әрі сенімді пайдалану үшін білікті мамандар даярлау және олардың кәсіби деңгейін арттыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Тараптар осы саладағы кадрлық әлеуетті нығайтудың, тәжірибе алмасудың, сондай-ақ екі елдің бейінді кәсіпорындары мен оқу орындары арасындағы байланысты жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздік, энергетикалық ресурстар жеткізілімі, цифрлық экономика (Digital Economy) және аса маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастық мәселелері де сөз болды. Тараптар экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретін осы бағыттар бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілік танытты.

Аталған мәселелер Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтар тұрғысынан ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы атап өткен міндеттердің қатарында 2027 жылы «Балқаш» Атом электр станциясының құрылысын бастау мүмкіндігі және «Мойынқұм» АЭС жобасын жедел іске асыру мақсатында кешенді ынтымақтастық туралы келісім жасасу мәселелері бар.

Кездесу барысында Елші Чехия Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиштің 2026 жылғы сәуірде Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындылары мен сапар аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы туралы мәлімет берді. Осы орайда сауда-экономикалық және өнеркәсіптік байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларды дәйекті түрде жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Сұхбаттасушылар Чех Республикасының Көлік министрі Иван Беднариктің 2026 жылғы 15 - 16 қазанда Қазақстанға жасаған жұмыс сапары екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін бергенін де атап өтті. Тараптар ведомствоаралық байланыстарды одан әрі жандандырып, өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары бойынша бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

Жылы әрі іскерлік жағдайда өткен кездесу Қазақстан мен Чехияның стратегиялық маңызы бар салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге және екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға деген өзара мүдделілігін растады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1326261?lang=kk