СҚО-да Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру мәселелері сала өкілдерімен талқыланды

СҚО-да Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру мәселелері сала өкілдерімен талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының басым бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, Президент Солтүстік Қазақстан облысының сүтті мал шаруашылығын дамытудағы тәжірибесін ерекше атап өтті. Бүгінде осы тәжірибе негізінде елімізде жылына 462 мың тоннадан астам сүт өндіретін 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған. Сондай-ақ СҚО үшін «Көкшетау – Петропавл» автожолын реконструкциялау, логистиканы дамыту, газдандыру және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері де маңызды.

Солтүстік Қазақстан облысына Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі жұмыс тобы жұмыс сапарымен келді. Оның құрамында ҚР Құрылтай депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Елдар Күзенбаев және ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин бар.

Жұмыс тобы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының өкілдерімен және еңбек ұжымдарымен кездесті. №17 ұлттық жаңғыру орта мектеп-кешенінде Жолдауды 130-ға жуық педагог талқыласа, көпбейінді облыстық ауруханада 100-ге жуық медицина қызметкері бас қосты.

«Елімізде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа ауруханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салынуда. Солтүстік Қазақстан облысында, Петропавл қаласында көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатқаны қуантады. Халыққа медициналық көмекті басқа қалаларға бармай-ақ, өз өңірінде алу мүмкіндігін жасау қажет», – деді ҚР Құрылтай депутаты Қайрат Айтуғанов.

С.М. Киров атындағы зауытта еңбек ұжымымен кездесу өтті. Жүзге жуық жұмысшы газдандыру, жол инфрақұрылымы, логистика, ең төменгі жалақыны арттыру және кәсіпорынның даму перспективалары жөнінде пікір алмасты.

«Бізге Президент Жолдауы, ең төменгі жалақыны арттыру, газдандыру, жолдар мен логистиканы дамыту мәселелері түсіндірілді. Мұның бәрі біз үшін өзекті. Қазір зауытты жекешелендіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Ұжым сақталады деп уәде беріп отыр. Мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Жеке инвестиция тартылса, мүмкіндіктеріміз де арта түседі», – деді өндіріс бастығы Александр Криволапов.

Облыстық кітапханада жұмыс тобы мәдениет саласының өкілдерімен кездесті. Жиында саланы дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

«Мемлекет басшысы ауқымды жалпыұлттық құрылыс бастамасын жариялады. Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе – шағын және орта бизнесті қолдау. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий енгізілді. Жалпы, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік саясат та қайта қаралуда», – деп түйіндеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Елдар Күзенбаев.

Сондай-ақ жұмыс тобы Qyzyljar Creative Center орталығына барып, креативті жастарды қолдау, цифрлық құзыреттерді дамыту және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстармен танысты.

«Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі міндеттер мен оларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Әсіресе мәдениетті дамыту, шығармашыл жастарды қолдау және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды», – деді Qyzyljar Creative Center жетекшісі Жайнагүл Успанова.

Жұмыс сапары барысында делегация өкілдері тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-zdrav/press/news/details/1325668?lang=kk