ЖҰМЫС БЕРУШІ ҚЫЗМЕТКЕРГЕ ЖҰМЫСҚА КЕШІККЕНІ НЕМЕСЕ ҚАТЕЛІК ЖІБЕРГЕНІ ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛА АЛА МА?

ЖҰМЫС БЕРУШІ ҚЫЗМЕТКЕРГЕ ЖҰМЫСҚА КЕШІККЕНІ НЕМЕСЕ ҚАТЕЛІК ЖІБЕРГЕНІ ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛА АЛА МА?

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерден еңбек тәртібін, ішкі еңбек тәртібі қағидаларын сақтауды және өз міндеттерін тиісінше орындауды талап етуге құқылы. Алайда жұмысқа кешіккені, жұмыста қателік жібергені немесе басқа да тәртіп бұзушылықтар үшін ақшалай айыппұл салу заңнамада қарастырылмаған.

ҚР Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, қызметкер еңбек тәртібін бұзған жағдайда жұмыс беруші оған мынадай тәртіптік жаза қолдана алады:
• ескерту;
• сөгіс;
• қатаң сөгіс;
• ҚР Еңбек кодексінде көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.

Еңбек кодексінде және Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылмаған басқа тәртіптік жазаларды қолдануға жол берілмейді.

Мәселен, қызметкер жұмысқа 20 минут кешігіп келсе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды. Егер бұған заңды негіз болса, жұмыс беруші белгіленген тәртіпті сақтай отырып, заңда көзделген тәртіптік жазаның бірін қолдана алады.

Сонымен қатар тәртіптік жаза жұмыс берушінің өз қалауымен тағайындала салмайды. Жаза қолданбас бұрын ол қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Ал қандай жаза қолдану керектігін шешкенде, жасалған тәртіп бұзушылықтың сипаты мен ауырлығы, сондай-ақ оның қандай жағдайда болғаны ескерілуге тиіс.

Бұл ретте заңсыз ақшалай айыппұл мен заңнамада көзделген жалақыдан ұстап қалу тәртібін бір-бірінен ажырата білу керек.

ҚР Еңбек кодексінің 115-бабында қызметкердің жалақысынан қандай жағдайларда ұсталым жасауға болатыны нақты көрсетілген. Ал кейбір өзге жағдайларда мұндай ұсталым қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады.

Толық бейнематериалды сілтеме арқылы көре аласыз:https://www.gov.kz/org/abai-enbek/press/media/details/91284?lang=ru

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/abai-enbek/press/news/details/1325656?lang=kk