Күз – әуесқой балықшылар үшін ең қолайлы мезгілдердің бірі. Дәл осы кезеңде облыстағы өзен-көлдерде балық аулаушылардың саны артады. Балық аулау – демалыстың тамаша түрі. Алайда қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда, ол өте қауіпті болуы мүмкін. Өкінішке қарай, көптеген балық аулаушылар судағы демалыс кезінде қауіпсіздік шараларын ұмытып кетеді.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында балық аулау кезінде 7 адам суға батып, көз жұмған.
Құтқарушылар орын алған жазатайым оқиғаларды талдай келе, балықшылардың қаза болуына себеп болатын негізгі жағдайларды анықтады. Атап айтқанда, балықшылар қайықтан құлап кету салдарынан жиі суға батады, құтқару кеудешесінсіз жүзу құралдарына отырады, қолайсыз ауа райында және түнгі уақытта суға шығады, сондай-ақ қайықты шамадан тыс жүктейді.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Құтқарушылар 300-ден астам рейд өткізіп, балық аулаушыларға қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті кеңестер беруде.
ШҚО ТЖД төмендегі қауіпсіздік ережелерін еске салады:
- қайықтағы барлық адам міндетті түрде құтқару кеудешесін киюі керек;
- суға шығар алдында жүзу құралының жарамдылығы мен қауіпсіздігін тексеріңіз;
- өзіңізбен бірге құтқару шеңберін және қайықтағы суды төгуге арналған ыдысты алыңыз.
Балық аулауға шығар алдында ауа райы болжамын алдын ала біліп алыңыз. Қайда бара жатқаныңызды және шамамен қай уақытта оралатыныңызды міндетті түрде жақындарыңызға хабарлаңыз. Қараңғы түспей жағаға оралуға тырысыңыз.
Өзіңізбен бірге міндетті түрде мыналарды алыңыз:
- медициналық қобдиша;
- жергілікті жердің картасы;
- қиын жағдайға тап болған басқа балықшыларға көмектесу үшін берік арқан;
- төтенше жағдайда айналадағылардың назарын аударуға көмектесетін ысқырық. Оны қолжетімді жерде ұстаңыз;
- суға төзімді қаптамадағы байланыс құралдары. Ұялы телефон құтқарушыларды шақыру үшін қажет;
- суға батып кетуден сақтайтын құтқару кеудешесі.
Мас күйінде балық аулауға қатаң тыйым салынады.
«Шағын көлемді кемелерде жеке құтқару құралдарынсыз жүргені үшін ереже бұзған тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 583-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады», – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.