Бүгінде интернет жастар үшін негізгі ақпарат көздерінің біріне айналды. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен бейнеплатформалар жаңалықтарды санаулы секунд ішінде білуге мүмкіндік береді. Алайда цифрлық кеңістікте пайдалы ақпаратпен қатар жалған жаңалықтар, қоғамдық пікірді манипуляциялауға бағытталған материалдар және экстремистік идеяларды насихаттайтын ақпараттар да таралуда.
Осындай жағдайда медиасауаттылық қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралына айналып отыр.
Медиасауаттылық – ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау, оның шынайылығын тексеру, дереккөздерді талдау және нақты фактілерді субъективті пікірлерден ажырата білу қабілеті. Бұл дағдыларды цифрлық технологияларды белсенді пайдаланатын жастар арасында дамыту ерекше маңызды.
Ақпараттық кеңістіктегі басты қауіптердің бірі – жалған ақпараттың таралуы. Шындыққа жанаспайтын жарияланымдар қоғамда алаңдаушылық туғызып, қате түсінік қалыптастыруы және түрлі жанжалдарға себеп болуы мүмкін. Әсіресе экстремистік идеологияны таратуға, өшпенділік пен араздықты қоздыруға, жастарды заңсыз әрекеттерге тартуға бағытталған материалдар айрықша қауіп төндіреді.
Ақпараттық манипуляцияның құрбаны болмау үшін бірнеше қарапайым ережені ұстану қажет. Ең алдымен, жарияланған ақпараттың дереккөзін тексеріп, оның шыққан күніне, авторына және нақты дәлелдердің бар-жоғына назар аударған жөн. Сондай-ақ ақпаратты ресми мемлекеттік органдар мен беделді бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларымен салыстырып, шынайылығына көз жеткізу маңызды.
Сыни ойлау қабілетін дамыту да ерекше рөл атқарады. Жастар эмоцияға әсер ететін тақырыптар, дабыралы мәлімдемелер мен жарияланымның көп қаралым жинауы ондағы ақпараттың шынайылығын дәлелдемейтінін түсінуі тиіс.
Сонымен қатар жастарды жалған ақпаратты анықтауға үйретумен ғана шектелмей, интернет кеңістігінде жауапкершілікпен әрекет ету мәдениетін қалыптастыру қажет. Әрбір қолданушы тексерілмеген мәліметтерді таратудың теріс салдары болуы мүмкін екенін түсінгені жөн.
Медиасауаттылық – тек ақпаратты дұрыс қабылдау дағдысы ғана емес, қоғамды жалған ақпараттан, арандатушылықтан және қауіпті идеологиялардың ықпалынан қорғаудың маңызды тетігі. Сондықтан жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін жетілдіру және цифрлық ортада жауапты мінез-құлық қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Материал Абай облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды