Алматыда Қазақстан мен Қытайдың музыкалық мұрасын сақтау мәселесі талқыланды

Алматыда Қазақстан мен Қытайдың музыкалық мұрасын сақтау мәселесі талқыланды

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Қытай қазақтарының музыка мұрасы және қытай композиторларының шығармашылығы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Кездесуге екі елдің музыкатанушылары, композиторлары, зерттеушілері мен орындаушылары қатысты.

Жиында Шыңжаң өңіріндегі қазақтардың музыка мәдениеті, Алтай, Тарбағатай және Іле аймақтарының ән-күй дәстүрі, домбыра мен сыбызғыда орындау ерекшеліктері сөз болды. Халық өнерпаздарының шығармашылық мұрасы мен қытай композиторларының туындыларына арналған ғылыми баяндамалар ұсынылды. Сондай-ақ Шыңжаң қазақтарының күйлері туралы «Қанат қақты» жинағы таныстырылды.

Кездесу аясында Алтай мен Тарбағатайдың домбыра күйлерінің және дәстүрлі сыбызғы үнінің ерекшеліктері жөнінде шеберлік сабақтары өтті.

Іс-шара Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен залда өткен концертпен аяқталды. Кеште «Қос қоңыр» фольклорлық ансамблі, домбырашылар ансамблі, студенттік ішекті аспаптар квартеті мен халық аспаптар оркестрі және шақырылған өнерпаздар өнер көрсетті.

Концертте дәстүрлі күйлер, Қытай қазақтарының музыкалық мұрасынан туындылар және қытай композиторларының шығармалары орындалды. Кеш Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен қорытындыланды.

Кездесу музыкалық мұраны сақтауға, зерттеушілер мен орындаушылардың кәсіби байланысын нығайтуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени әріптестікті дамытуға бағытталды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

 

 



Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1324407?lang=kk