Террористік топқа қатысудың салдары қандай?

Террористік топқа қатысудың салдары қандай?

Террористік ұйымдардың жетегінде кету – адам өміріне орны толмас зиян келтіретін қауіпті қадам. Мұндай топтардың жалған ұрандары мен алдамшы уәделеріне сенген азаматтар уақыт өте келе өз еркіндігінен, жақындарымен байланысынан, қоғамдағы орнынан және болашағынан айырылуы мүмкін.

Террористік топтар көбіне діни ұрандарды, әділетсіздікке деген қарсылықты, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді немесе адамның өмірден өз орнын таба алмауын пайдаланып, өз қатарына тартуға тырысады. Алғашында олар өз әрекеттерін ізгі мақсатпен байланыстырып көрсеткенімен, шын мәнінде зорлық-зомбылықты, өшпенділікті және қоғамға қарсы әрекеттерді насихаттайды. Террористік топқа қатысудың ең ауыр салдарының бірі – қылмыстық жауапкершілік. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, терроризмді насихаттау, террористік әрекетке қатысу, террористік топтың қызметіне араласу және оны қаржыландыру заңмен қудаланады. Мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң жаза көзделген.

Екінші маңызды салдары – адамның отбасылық және әлеуметтік өмірінің бұзылуы. Теріс идеологияның ықпалына түскен азамат кейде ата-анасынан, туған-туыстарынан, достарынан алыстап, жақындарының пікірін қабылдамайтын жағдайға жетеді. Отбасындағы сыйластық пен сенім әлсіреп, бала тәрбиесі мен отбасының болашағына кері әсерін тигізеді.

Үшіншіден, мұндай топтардың ықпалы адамның психологиялық жағдайына да кері әсер етеді. Үнемі қорқыныш, күдік, өшпенділік пен агрессия жағдайында өмір сүру адамның қалыпты ойлау қабілетіне, айналасымен қарым-қатынасына және болашаққа деген көзқарасына нұқсан келтіреді. Сонымен қатар террористік ұйымдардың әрекеті бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Жазықсыз адамдардың өміріне қауіп төндіру, қоғамдық тұрақтылықты бұзу, елдің тыныштығына іріткі салу – мұндай ұйымдардың қылмыстық әрекеттерінің ауыр зардаптары.

Ең өкініштісі – бір сәттік сенім мен ойланбай жасалған қадам адамның бүкіл тағдырына әсер етуі мүмкін. Жалған діни насихатқа еріп, күмәнді топтардың сөзіне сену арқылы адам өзінің ғана емес, жақындарының да өміріне ауыр салмақ түсіреді. Сондықтан әрбір азамат діни мәселеде сауатты болып, интернеттегі күмәнді ақпараттарға сын көзбен қарауы қажет.

Материал Қызылорда облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/antiterrosticheskiy-centr/press/news/details/1324400?lang=kk