Алматыда автономды мобильді роботтар мен көлік қозғалысын басқарудың зияткерлік жүйелері енгізілуі мүмкін. Мұндай жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қала әкімі Дархан Сатыбалды Hyundai Motor Group делегациясымен кездесу барысында талқылады. Делегацияны компанияның атқарушы вице-президенті, болашақ стратегиясы департаментінің басшысы Хогын Чон және вице-президенті Джэён Ли бастап келді.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі заманауи технологияны қалалық инфрақұрылымда қолдану болды. Дархан Сатыбалды Hyundai Motor Group компаниясының MobED роботтандырылған платформасын және басқа да автономды шешімдерін қаланың көлік жүйесі мен логистика саласында пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сондай-ақ тараптар көлік легін басқаруда жасанды интеллект қолдану, логистикалық үдерістерді автоматтандыру және электромобильдерге арналған қуаттау станциялары желісін дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында автомобиль өндірісін одан әрі дамыту жайы да қозғалды. 2025 жылы Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында 52 мыңнан астам автомобиль шығарылды. Кәсіпорында шамамен 1 700 жұмыс орны ашылған.
Еске салайық, 2026 жылы қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысында Алматыда жалпы құны шамамен 238,3 млн доллар болатын жобаларды жүзеге асыру жөніндегі коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Олар автомобиль өндірісін кеңейтуді, автокөлік бөлшектерін шығаруды жергіліктендіруді, көпбейінді клиника мен Lotte қонақ үйін салуды көздейді.
Кездесу соңында тараптар ұсынылған жобалар аясындағы жұмысты жалғастыруға келісті. Алматы әкімдігі Hyundai Motor Group компаниясының салалық ұйымдармен және жергілікті серіктестермен өзара ынтымақтастығын дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.