Қазақстан ғалымдары Гарвард қорындағы тарихи құжаттарды зерделеді

Қазақстан ғалымдары Гарвард қорындағы тарихи құжаттарды зерделеді

АҚШ-тың Гарвард университетініне ғылыми іссапармен барған қазақстандық ғалымдар Хоутон кітапханасында 1599-1742 жылдарға жататын жеті тарихи актіні зерттеді. MS Turk 70 жинағында сақталған бұл құжаттар Яркенд хандығы мен Шығыс Түркістандағы мемлекеттік басқару, жер қатынастары, тархандық және сойырғал беру дәстүрі туралы құнды мәліметтерді қамтиды. Аталған деректер Орталық Азиядағы мемлекеттік басқару қатынастарын, іс жүргізу дәстүрі мен тарихи терминологияны зерттеу үшін маңызды.

Ғылыми іссапар «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстандағы қолжазбалар мен сирек кітаптарды жүйелі есепке алу, қалпына келтіру, ғылыми сипаттау және цифрландыру. Жоба ұлттық жазба мұраны сақтауға, зерттеушілер үшін қолжетімді етуге және оның негізінде жаңа тарихи білім қалыптастыруға бағытталған.

«Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны үйлестіретін ауқымды жобаны жүзеге асыруға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Astana IT University қатысып жатыр. Гарвард университетінің Дэвис атындағы Ресей және Еуразияны зерттеу орталығы халықаралық ғылыми серіктес ретінде бірлескен зерттеулер мен академиялық тәжірибе алмасуға қолдау көрсетіп келеді. Ғылыми сапарға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің алты зерттеушісі және «Ғылым ордасының» алты өкілі қатысты. Олардың қатарында «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапхананың төрт маманы да бар.

Ғалымдар Гарвард университеті мен АҚШ Конгресі кітапханасының қорларында деректану және библиография бағыттары бойынша зерттеу жүргізді. Ахмет Ясауи университетінің ғалымдары ортағасырлық Орталық Азия тарихына қатысты жазба деректерді, оның ішінде мәмлүк-қыпшақ мұраларын, Жошы Ұлысы кезеңіндегі ескерткіштерді, шағатай тіліндегі құжаттар мен қолжазбаларды және парсы тіліндегі шежірелерді іздестірді.

Хоутон кітапханасындағы «Central Asian documents» (MS Turk 70) кешенінің 1599-1742 жылдармен мерзімделетін жеті актісі қарастырылды. Бұл деректер негізінен Яркенд хандығы мен Шығыс Түркістанның басқару жүйесі, жер қатынастары, тархандық пен сойырғал беру тәжірибесі туралы мәлімет береді. Сапар барысында олар жөніндегі мәліметтер жүйеленді. Аталған деректер Орталық Азиядағы мемлекеттік басқару қатынастарын, іс жүргізу дәстүрі мен тарихи терминологияны зерттеу үшін маңызды. Ізденіс барысында Houghton кітапханасы қорындағы зерттеу тақырыбына тікелей қатысты 22 библиографиялық жазба салыстырылды. Бұған қоса, тарихи деректерді тізімдеу, каталогтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу мәселелері бойынша 70 ғылыми және анықтамалық материалдан тұратын библиографиялық тізім дайындалды.

Қазақстандық мамандар Widener, Houghton және H.C. Fung кітапханаларында, сондай-ақ Harvard Library Information and Technical Services бөлімшесінде сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және зерттеушілерге ұсыну тәжірибесімен танысты.

Бұл тәжірибе Ахмет Ясауи университетінде жүргізіліп жатқан түркі жазба ескерткіштері мен тарихи деректерді зерттеу жұмыстарына тікелей қатысты. Сонымен қатар ол шағатайтану бағытындағы білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, жас зерттеушілердің кәсіби даярлығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Ал Дэвис орталығында өткен «From Shelves to Scholarship» семинарында қазақстандық тарап өз нәтижелерін ұсынды. «Ғылым ордасы» бас директорының орынбасары Азамат Нұршанов бағдарламаның іске асу барысын таныстырды: 2026 жылғы қазанның басындағы мәлімет бойынша, 1 510 қолжазба мен сирек кітап цифрландырылып, араб графикасындағы 417 сирек кітап ғылыми өңдеуден өткен. Бағдарлама орындаушысы Айнұр Әбіш қазақ тілінің грамматикасына арналған зерттеуін баяндады.

Сонымен қатар сапар барысында Дэвис орталығының өкілдерімен және ғылыми бағдарлама жетекшілерімен кездесулер өтіп, қолжазбаларды бірлесіп зерттеу, ғылыми жарияланымдар әзірлеу және академиялық алмасуды жалғастыру мәселелері талқыланды. Қазақстан делегациясын Гарвард университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі вице-провосты, профессор Марк К. Эллиотт қабылдады. Оған Ясауи университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты әзірлеген «Жошы Ұлысына қатысты ресми жазбалар» жинағы сыйға тартылды.

Ғылыми іссапар қорытындысында зерттеушілерге сертификаттар табысталды. Сапар қазақстандық ғалымдарға зерттеу нәтижелерін халықаралық ортада таныстырып, Гарвард университетімен ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді. Жинақталған тәжірибені жаңа жарияланымдар мен бірлескен зерттеулерге ұластыру көзделіп отыр.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1324378?lang=kk