Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып жатқан халықаралық дәрежедегі төрешілермен және ұлттық құрама бапкерлерімен кездесті.
Биылғы ел біріншілігі 30 қазанда басталып, 6 қарашаға дейін Тараз қаласында өтуде. Айта кетейік, дүбірлі дода Әулиеата жерінде 12 жылдан кейін қайта ұйымдастырылып отыр.
Кездесуде аймақ басшысы республикалық деңгейдегі жарыстың Жамбыл облысында өткізілуі өңір үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай бәсекелердің жергілікті спорттың әлеуетін танытуға, жас боксшылардың тәжірибе жинақтауына және отандық спорттың дамуына серпін беретінін жеткізді.
Қазіргі таңда облыста бокс спортына ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, 157 жаттықтырушы 4 129 спортшымен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.