Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын», – деп атап өтті. Осыған байланысты өңірде құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі құрылыс нысандарының жай-күйі мен құрылыс сапасын бақылау мәселелері қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров баяндады. Аудан және қала әкімдері жиынға бейнебайланыс арқылы қатысты.
Басқарма мәліметінше, өңірде жыл басынан бері құрылыс жұмысын бастауға қатысты 1111 талон-хабарлама түскен. Қазіргі уақытта 619 нысан бойынша құрылысты бастауға келісім берілген. Оның 143-і бюджет қаражаты есебінен, 72-сі квазимемлекеттік сектор, 404-і жеке сектор есебінен жүзеге асырылатын нысандар.
Биыл барлық қаржы көздері есебінен 240 құрылыс нысаны пайдалануға қабылданды. Оның ішінде 70 бюджеттік, 36 квазимемлекеттік сектор және 134 жеке сектор нысаны бар.
Құрылыс сапасын бақылау мақсатында 2022 жылдан бері 400-ге жуық тексеру жүргізілген. Жыл басынан бері жоспардан тыс 41 тексеру жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтар үшін тиісті айыппұл салынған. Сонымен қатар техникалық қадағалау мен сараптама жүргізетін компаниялардың қызметі, құрылыс лицензияларын алу және пайдалану заңдылығы тексерілген.
Биыл облыста 310 құрылыс нысанын мониторингпен қамту көзделген. Жұмыс барысында қосымша 25 нысан зерделеніп, барлығы 335 нысанға мониторинг жүргізілді.
Аймақ басшысы жиында салаға жауапты орынбасарлары мен тиісті басқармаларға өңірде салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасын және заңнама талаптарының сақталуын тұрақты әрі қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
«Құрылыс нысандарының сапасы, белгіленген мерзімдердің сақталуы және жобалық-сметалық құжаттамалардың жай-күйі тұрақты бақылауда болуы керек. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан айтылған ескертулер назарға алынып, әрбір нысандағы жұмыс бекітілген талаптарға сай, заң аясында жүргізілуі тиіс. Өйткені, бақылау болмаған жерде сапа да болмайды, жұмыс та жүрмейді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет», – деді Берік Уәли.