2026 жылғы 4 қарашада Кәсіподақ орталығының алаңында әкімнің бірінші орынбасары М.И. Тасмағанбетовтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа СҚО салалық кәсіподақтарының төрағалары, облыстық басқармалардың басшылары, аудандар мен Петропавл қаласы әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібіне жазатайым оқиғалар орын алған кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталу шаралары туралы мәселе енгізілді. «Адель құс» ЖШС және «Alem Astyk Export» ЖШС басшыларының ақпараты тыңдалды. Сондай-ақ, Айыртау, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласының әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияларының қызметі қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша жұмыс орындарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және қызметкерлерге лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірленді.