ҚР АШМ-де 2026 жылдың тоғыз айындағы азаматтардың өтініштерімен жұмыс қорытындыланды

ҚР АШМ-де 2026 жылдың тоғыз айындағы азаматтардың өтініштерімен жұмыс қорытындыланды

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде аппарат басшысы Сергей Лидің төрағалығымен азаматтардың өтініштерін қарау және осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Онда өтініштерді қарау сапасы мен жеделдігін арттыруға, келіп түскен сауалдарға жүйелі талдау жүргізуге, сондай-ақ азаматтардың қайталама өтініштеріне себеп болып отырған мәселелерді анықтауға ерекше назар аударылды.

«Азаматтардың өтініштерімен жұмыс тек белгіленген мерзімдерді сақтау және жауап берумен ғана шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – олардың көкейінде жүрген мәселелердің нақты шешімін табу. Әрбір өтініштің жан-жақты әрі объективті қаралуын, тапсырмалардың уақтылы орындалуын және қайталама өтініштерге себеп болатын жағдайларды жою бойынша нақты шаралар қабылдануын қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті Сергей Ли.

Кеңес қорытындысы бойынша Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, комитеттердің, аумақтық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларына берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауды күшейтіп, олардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Басым міндеттер қатарында өтініштерді қарау және оларды құзыретті органдарға жолдау мерзімдерін қатаң сақтау, тыңдау рәсімдерін өткізу, келіп түскен өтініштерді дұрыс санаттау, сондай-ақ өтініш берушілермен кері байланыстың тиімділігін арттыру мәселелері белгіленді.

Сонымен қатар жұмыстың әр бағыты бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуді басшылардың жеке бақылауына алу қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1324259?lang=kk