Қазақстан Республикасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді лицензиялау

Қазақстан Республикасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді лицензиялау

Қазақстан Республикасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қызметін лицензиялау

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметін міндетті лицензиялау енгізілді.

Бұл шара көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, меншік нысанына қарамастан ұйымдарға қойылатын бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың қызметіне бақылауды күшейтуге бағытталған.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға көрсетіледі. Мұндай қызметтерді алушыларға мүгедектігі бар адамдар, қарт азаматтар, мүгедектігі бар балалар, бөгде адамның күтіміне мұқтаж адамдар және заңнамада көзделген халықтың басқа да санаттары жатады.

Лицензиялауға стационарлық, жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар жатады.

Әлеуметтік қызметтерді жеткізушілер лицензия алу үшін белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес болуы тиіс. Атап айтқанда, ұйымның тиісті үй-жайлары, қажетті материалдық-техникалық базасы, білікті мамандары болуы, сондай-ақ санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын, мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз етуі қажет.

Лицензияларды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті береді.

Лицензия алу үшін ұйым «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы электрондық форматта өтініш береді. Уәкілетті орган ұсынылған құжаттарды және ұйымның белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді.

Лицензиялау тек формальды рәсім емес, әлеуметтік қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ету тетігі екенін атап өткен жөн. Оның негізгі мақсаты – қызмет алушыларға қауіпсіз жағдайда тұру мен қызмет көрсетуді, кәсіби күтімді, құрметпен қарауды және олардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету.

Осылайша, лицензиялауды енгізу арнаулы әлеуметтік қызметтерді жеткізушілердің жауапкершілігін арттыруға, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге және мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-karagandy/press/news/details/1324160?lang=kk