Ақтауда теңіз жағалауын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Ақтауда теңіз жағалауын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуын маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Осы бағытта Ақтауда теңіз жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыруға басымдық берілуде.

Ақтау қаласында теңіз жағалауын абаттандыру жобасы Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша Солтүстік Каспий консорциумының (NCOC) қаржыландыруымен жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстарын «Нұрсәт» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде.

Абаттандырылатын қоғамдық кеңістіктің жалпы ұзындығы 1,5 шақырымды құрайды. Жоба 7-шағын аудандағы «I Love Aktau» инсталляциясынан бастап «Жартасты соқпаққа» дейінгі аумақты қамтиды.

Жоба аясында серуендеу аллеялары, велосипед және жүгіру жолдары, бақылау алаңдары, пирстер, су үстіндегі соқпақтар мен демалыс аймақтарын салу көзделген. Нәтижесінде тұрғындар мен қала қонақтарына теңіз жағасында серуендеп, демалуға қолайлы заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырылады.

– Қазіргі уақытта нысанда жер жұмыстары жүргізілуде. Монолит қабырғаларын құю жұмыстарының 85 пайызы аяқталды, – деді мердігер мекеме өкілі Меңдібай Мусаев.

Айта кетейік, теңіз жағалауын абаттандыру жобасы 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1324061?lang=kk