Киберқылмыс: ШҚО полициясы негізгі қауіптер мен атқарылған жұмыстарды белгіледі

Киберқылмыс: ШҚО полициясы негізгі қауіптер мен атқарылған жұмыстарды белгіледі

Киберқылмыс: ШҚО полициясы негізгі қауіптер мен атқарылған жұмыстарды белгіледі

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 900-ден астам дерегі тіркелген. Тұрғындарға келтірілген жалпы шығын 2,5 млрд теңгеден асты.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және оның өзекті мәселелері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте талқыланды. Спикерлер ретінде ШҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Болат Нұрсейітов пен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Нұрай Арыстанбек сөз сөйледі.

Алаяқтықтың кең таралған тәсілдерінің қатарында банк пен полиция қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу, жалған инвестициялық ұсыныстар жасау, фишингтік сілтемелер жіберу және ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап ету бар. Өңірде 300-ге жуық қылмыстық дерек Telegram мессенджерін пайдалану арқылы жасалған.

Банк карталары мен шоттарын ұрланған ақшаны аудару үшін өзге адамдарға беру, яғни дропперлік әрекеттердің жолын кесуге де ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері мұндай әрекет үшін 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл қылмыс үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жедел профилактикалық жұмыс аясында интернет-алаяқтықтың 86 дерегі ашылып, жәбірленушілерге 36 млн теңге қайтарылды.

ШҚО Полиция департаменті тұрғындарға SMS-кодтарды, құпиясөздер мен банк деректерін бөгде адамдарға бермеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, белгісіз шоттарға ақша аудармауды және банк карталарын үшінші тұлғаларға бермеуді ескертеді. Банк пен полиция қызметкерлері ешқашан ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейді.

Полиция киберқылмыстардың алдын алу және оларды ашу бағытындағы жұмысты жалғастыруда.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1324031?lang=kk