Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыру шаралары қаралды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Жоспарда шағын кәсіпорындардың орта бизнес санатына өтуін ынталандыру және ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту есебінен қолдау шаралары көзделуі тиіс. Бұл туралы Uchet.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Онда шағын бизнестің орта бизнес санатына өтуін ынталандыру, кәсіпорындардың ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту есебінен нақты шаралар қарастырылуы тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар өндірістік қуаттарды технологиялық жаңғырту және еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі шараларды қарастыру тапсырылды.
Бұдан бөлек, жауапты мемлекеттік органдарға орта кәсіпорындардың ірі компаниялармен кооперациясын дамыту, олардың өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейту және шығарылатын өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету тетіктерін қарастыру тапсырылды.
Премьер-министр 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігі мәселесіне де жеке тоқталды. Бұған дейінгі тәжірибені ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, бизнес-омбудсменмен және депутаттық корпуспен бірлесіп, мораторий енгізу мәселесін талқылау тапсырылды.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені барынша азайту және олардың қызметіне артық араласуға жол бермеу. Тиісті ұсыныстар екі апта ішінде Үкіметке енгізілуі қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.