Қазақстанда жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту және мемлекеттік аппаратқа жас кадрларды тарту бағытында маңызды жаңалық енгізілді. eQyzmet.gov.kz порталында ЖОО түлектеріне арналған арнайы «Түлек» бөлімі ашылды, мұнда мемлекеттік органдардағы бос жұмыс орындарын оңай табуға болады.
Жаңа ережелерге сәйкес, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап оқу орнын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде GPA орташа балы 3,33-тен төмен емес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері мемлекеттік қызметтің кейбір лауазымдарына конкурстық іріктеусіз қабылдана алады.
Бұл мүмкіндік белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда, мемлекеттік грант негізінде де, ақылы бөлімде де оқып бітірген барлық түлектерге қолжетімді. Бұл бастама жас мамандардың еңбек жолын бастауына және мемлекеттік қызметке білікті кадрлардың келуіне үлкен жол ашады.
.