Женева, 2026 жылғы 4 қараша – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Ядролық зерттеулер жөніндегі Еуропалық ұйымға (CERN) жасаған сапары аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен CERN арасындағы 2018 жылғы 29 маусымдағы халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге Хаттамаға қол қойылды.
Женева қ. БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің ұйымдастыруымен Министр CERN-нің сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Урсула Басслермен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар ядролық физика, жоғары энергиялар физикасы және іргелі зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысу аясын кеңейту перспективаларын талқылады.
Хаттамаға қол қою қолданыстағы келісімді іске асырудың практикалық тетіктерін жетілдіруге және қазақстандық ғылыми ұйымдар мен мамандардың CERN зерттеу бағдарламаларына қатысуы үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми кадрларды даярлау және озық технологиялар саласында тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар барысында Министр CERN-де жұмыс істейтін және халықаралық эксперименттік коллаборацияларға қатысатын Қазақстанның Ядролық физика институтының ғылыми қызметкерлерімен де кездесті. Кездесу аясында олардың ғылыми қызметінің нәтижелері, жинақтаған тәжірибесі және отандық мамандардың халықаралық зерттеулерге одан әрі қатысу перспективалары талқыланды.
Қазақстанның CERN ұйымымен ынтымақтастығы жүйелі түрде дамып келеді. Атап айтқанда, 2026 жылғы қазанда Қазақстанның Ядролық физика институты мен CERN заманауи детекторлық технологияларды дамытуға бағытталған DRD1 халықаралық ғылыми коллаборациясы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Осы сапар мен Хаттамаға қол қою Қазақстанның CERN ұйымымен ғылыми-техникалық әріптестігін нығайту жолындағы кезекті маңызды қадам болды. Бұл отандық ғылымның әлеуетін дамытуға, жоғары білікті мамандар даярлауға және еліміздің озық халықаралық ғылыми зерттеулерге қатысуына қосымша мүмкіндіктер ашады.