Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Ұзынкөл ауданына барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен және ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне ерекше тоқталды. Бұл бағытта Ұзынкөл ауданында да бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Биыл ауданда 3 бизнес нысаны ашылып, 38 жаңа жұмыс орны құрылды. Инвестиция көлемі 825 млн теңгеден асты. Жыл соңына дейін тағы 4 жобаны іске қосу жоспарланған.
Атап айтқанда, Троебрат ауылында «АЛАШ Т» серіктестігі жылына 25 мың тонна жем ұнын өндіретін зауыттың құрылысын жүзеге асыруда. Жобаға 300 млн теңге инвестиция салынып, 15 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ, «JANA DALA JQ» ЖШС 750 млн теңге инвестиция салып, жылдық қуаттылығы 6 мың тонна болатын болат конструкциялар өндіру цехын іске қосты. Кәсіпорында 15 адам жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, серіктестік өз қызметкерлері үшін 65 млн теңгеге екі қабатты ғимаратты қайта жаңғыртып, 30 орындық қонақүй ретінде жабдықтады.
Аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Троебрат ауылында 840 шаршы метрден астам аумақта түрлі өнер және медиа студиялары орналасқан мәдениет орталығы салынды. «Қазақстан халқына» қоры орталықты қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етті.
Сонымен қатар Ұзынкөл, Ершов және Ряжское ауылдарында үш қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Олардың екеуін абаттандыруға жергілікті кәсіпкерлер үлес қосты.
Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлер ауданның әлеуметтік маңызы бар нысандарын салу және жаңғыртуға 770 млн теңгеден астам бюджеттен тыс қаражат бағыттады. Бұл қаражат сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, мәдениет және спорт нысандарын жаңартуға жұмсалды.
Аудан әкімі Марат Жұрқабаевтың баяндауынша, биыл аудан бюджеті 3,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде салық түсімдері 1,4 млрд теңге болды. Қаржылық базаның нығаюы экономиканы дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және инвестициялық жобаларды қолдауға мүмкіндік беруде.
«Ауыл шаруашылығы саласында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл дәнді және бұршақты дақылдар 230,8 мың гектарға орналастырылса, майлы дақылдардың көлемі 97,8 мың гектарға дейін ұлғайды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге 71 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды», – деді Марат Жұрқабаев.
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында жалпы құны 1 млрд 255 млн теңге болатын үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның аясында ет бағытындағы 640 бас ірі қара сатып алынбақ. Сонымен қатар ауданның ветеринариялық инфрақұрылымын нығайту үшін 5 мал қорымы салынып, пайдалануға берілді.
Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында орталықтандырылған сумен жабдықтау желілерін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Новопокров ауылында «Тойсай» ЖШС қаражаты есебінен 240 млн теңгеге 9 шақырым су құбыры тартылып, 104 тұрғын үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Сатай және Сокол ауылдарында да жалпы құны 45 млн теңге болатын жобалар жүзеге асырылуда.
Автомобиль жолдарын жөндеу мен күтіп ұстауға биыл 824,5 млн теңге бөлінді. Ұзынкөл ауылындағы 7 көшеге қиыршық тас төселіп, Ершовка ауылындағы төрт көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Троебрат ауылындағы 5 көшені жөндеу жұмысы жалғасуда.
Аудан басшылығы 2027 жылы Ершов ауылына кіреберіс жолды, Тайсоған – Обаған және Новопокров ауылына дейінгі автомобиль жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлуді сұрады.
Тұрғын үй және абаттандыру саласында биыл 2 960 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 34 пәтер бар. Қазіргі уақытта 24 пәтер сатып алынып, жыл соңына дейін тағы 10 пәтер алу көзделген.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауданда 2 800-ден астам ағаш отырғызылып, 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. 14 саябақ пен сквер абаттандырылып, 26 заңсыз қоқыс орны жойылды. Сонымен қатар 56 қараусыз қалған ғимарат бұзылып, 84 нысан консервацияланды.
«Ұзынкөл ауылындағы Пушкин көшесі бойында 50 млн теңгеге демалыс саябағы салынды. Миролюбов елді мекенінде «Восход» өндірістік кооперативі демалыс саябағының құрылысын жүргізуде. Ершовка ауылында Жалғызкөл көлінің жағасында демалыс аймағы абаттандырылды. Өзге ауылдарда да балалар ойын алаңдары, спорт алаңдары мен қоғамдық демалыс орындары ашылуда», – деді аудан басшысы.
Ауданның әлеуметтік саласындағы жұмыстар да жалғасын табуда. Биыл төрт мектепке 62 млн теңгеден астам қаражатқа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, тағы үш мектепті бейімдеу жұмыстарына 24,5 млн теңге бөлінді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңа кабинеттермен толықтырылды.
Денсаулық сақтау саласында медициналық жабдықтарды жаңартуға 94,3 млн теңге бағытталды. Нәтижесінде хирургиялық, травматологиялық және гинекологиялық бағыттар бойынша ем қабылдаған пациенттер саны 2025 жылғы 143 адамнан биыл 408 адамға дейін өсті. Сонымен қатар Ұзынкөл аудандық ауруханасын реконструкциялау жобасы қолға алынуда. Оның жалпы құны 1 млрд 52,3 млн теңгені құрайды.
Бұқаралық спортты дамыту аясында ауданда 80 спорт нысаны жұмыс істейді. Тұрғындардың 46,5 пайызы немесе 6 531 адам дене шынықтырумен тұрақты айналысады. Ершовка ауылдық округінде «Ершовское-2» ЖШС-нің жеке қаражаты есебінен 110 млн теңгеден астам сомаға спорт залының құрылысы аяқталды.
Мәдениет саласында Троебрат ауылында заманауи демалыс орталығы пайдалануға беріліп, Убаган ауылында жаңа кітапхана ашылды. Ауданда тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыратын 4 клуб мекемесі мен 11 кітапхана жұмыс істейді.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Павлов және Отынағаш ауылдарында байланыс мұнаралары орнатылды. Ал Ұзынкөл ауылында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 92 бейнебақылау камерасы іске қосылды.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады. Ауданның дамуында кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің үлесін ерекше атап өтті. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ауылдық жерлердегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға және жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етіп жатқанын айтты.
Облыс әкімі басталған инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақытылы іске асыру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жол және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.