Атырауда тасжолға жақын орналасқан қыстақтарға жарыққа шағылысатын бау таратылды

Атырауда тасжолға жақын орналасқан қыстақтарға жарыққа шағылысатын бау таратылды
Атырау облысы полиция департаментінің бастамасымен және «NCOC» компаниясының қолдауымен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық шара ұйымдастырылды.
Мамандар республикалық маңызы бар Доссор – Құлсары автожолының Мақат ауданы аумағындағы мал шаруашылығы қожалықтарына барып, қыстақ иелеріне 1000-ға жуық жарық шағылыстыратын бауды табыстады.
Арнайы баулар ірі қара малдардың мойнына тағылып, түнгі уақытта көлік жүргізушілеріне жол бойындағы малды алдын ала байқауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шаруашылық иелеріне малды қараусыз жібермеу және жол қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шараның басты мақсаты – малдардың автожолға шығуының алдын алу, жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының санын азайту.
Полиция ескертеді: жол қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік!

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1323934?lang=kk