Қарағанды облысында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-насихат тобының кездесуі өтті
2026 жылғы 4 қарашада Қарағанды облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі ережелерін талқылау және түсіндіру мақсатында өңірге келген ақпараттық-насихат тобының қатысуымен кездесу өтті.
Кездесуге орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттық корпус, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Қарағанды облысының белсенді азаматтары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттарды кеңінен талқылау, еліміздің алдағы даму кезеңіндегі негізгі міндеттерді түсіндіру және оларды практикалық іске асыруда өңірлердің рөлін айқындау болды.
Ақпараттық-насихат тобының құрамына Құрылтайының депутаты, мемлекеттік органдардың, қоғамдық институттар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері кірді:
- Аймағамбетов Асхат Қанатұлы – Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы;
- Жазықбаев Бахтияр Базарбайұлы – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі;
- Кобжанов Нұркен Сайфиддинұлы – Қарағанды облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы, «Қарағанды облысының бочча федерациясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі;
- Бексұлтанов Құдайберген Бексұлтанұлы – мемлекет және қоғам қайраткері;
- Алтынбеков Бекзат Қомарұлы – Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қарағанды облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының төрағасы;
- Исбекова Әйгерім Әуезқызы – Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қарағанды қаласының білім бөлімінің «Кәусар» мектеп оқушылары сарайы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.
Кездесу барысында қатысушылар Жолдаудың негізгі бағыттарын талқылап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
Күн тәртібінде әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша орын берілді. Өйткені әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау бағыттарында қабылданатын шешімдердің тиімділігі азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
Талқылаудың маңызды бағыттарының бірі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру мәселелері болды. Атап айтқанда, әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, қолжетімді орта қалыптастыру, сондай-ақ әлеуметтік қызметтер көрсету тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Базарбайұлы Жазықбаевтың іс-шараға қатысуы халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің алдында тұрған міндеттерді және мемлекеттік әлеуметтік саясатты өңірлік деңгейде жүйелі түрде іске асырудың маңыздылығын кеңінен талқылауға мүмкіндік берді.
Ашық диалог барысында мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасты, шешімін қажет ететін мәселелерді көтеріп, одан әрі бірлескен жұмысты талап ететін бағыттарға назар аударды.
Қоғамдық бірлестіктер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуы да ерекше маңызға ие болды. Олар қоғамдық даму, әлеуметтік жауапкершілік, халықтың әртүрлі санаттарының мүдделерін қорғау және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне қатысты тәжірибелік пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар ақпараттық-насихат тобы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің студенттерімен және оқытушыларымен, сондай-ақ «Мэйкер» ЖШС ұжымымен кездесулер өткізді.
Мұндай кездесулер Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерді бірізді түсінуге, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ азаматтық қоғаммен сындарлы диалогты дамытуға ықпал етеді.
Мемлекет басшысының Жолдауы – бұл стратегиялық бағдарларды айқындау ғана емес, сонымен қатар барлық деңгейде жүйелі әрі үйлесімді жұмысты талап ететін нақты міндеттер. Оларды іске асыру мемлекеттік органдардың, қоғамдық институттардың және әрбір бейжай қарамайтын азаматтың белсенді қатысуын көздейді.
Ақпараттық-насихат тобының өткен кездесу өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, пікір алмасуға және Қарағанды облысы халқының әл-ауқатын арттыру мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.