Alatau City аумағында Magdalen College білім беру мекемесін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр

Alatau City аумағында Magdalen College білім беру мекемесін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр

Ұлыбританияға жұмыс сапары (Alatau City Roadshow) аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Magdalen College халықаралық байланыстар жөніндегі төрағасы Ричард Салданьямен (Richard Saldanha) кездесті.

Кездесудің негізгі тақырыбы Magdalen College-дің Қазақстанның білім беру нарығына шығу перспективалары мен Alatau City аумағында білім беру мекемесін ашу мүмкіндігі болды. Тараптар ынтымақтастықтың ықтимал форматтарын, жобаны іске асырудың ұйымдастырушылық және институционалдық шарттарын, сондай-ақ серіктестікті дамытудың алдағы қадамдарын талқылады. Alatau City-де қалыптасып жатқан білім беру инфрақұрылымына халықаралық озық тәжірибені енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аталған бастаманы одан әрі пысықтауға мүдделі екендерін білдірді. Келесі кезеңде қажетті ұйымдастырушылық және рәсімдік мәселелерді келісу көзделіп отыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін тиісті құжаттарға қол қою жоспарланған.

Alatau City-ге халықаралық білім беру ұйымдарын тарту – Қазақстанда заманауи білім беру және ғылыми-инновациялық экожүйені қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жұмыстың маңызды бөлігі. Мұндай бастамаларды іске асыру халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, жастар үшін жаңа білім алу мүмкіндіктерін жасауға және Қазақстанның сапалы білім берудің өңірлік орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1323680?lang=kk