Алматы әкімдігінің қолдауымен Satbayev University базасындағы Эко-хабта «Жиһазыңды жаса» акциясы өтті. Қала тұрғындарына пластик қалдықтарының дайын бұйымдарға қалай айналатыны көрсетіліп, жобаға қатысу шарттары түсіндірілді. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады.
Іс-шараға Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев, URBIO зауытының өкілдері, сондай-ақ ECO Network пен Эко-хабтардың негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов қатысты. Олар қайта өңделетін шикізатты өңдеу бағытындағы бірлескен жұмыстар туралы айтып берді. Акция жеңімпаздары тәжірибесін бөлісіп, сыйлықтарға ие болды.
Жоба шартына сәйкес, тұрғындар пайдаланылған пластик жеміс жәшіктерін Эко-хабтарға тапсыра алады. Жиналған шикізат ECO Network цифрлық платформасында есепке алынады. Қажетті көлем жиналғаннан кейін оны жиһазға және басқа да бұйымдарға айырбастауға болады.
Алматыда мұндай өндіріс қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Мәселен, оқушылар жинаған 120 мыңнан астам пластик қақпақтан «Оңтүстік» саябағына арналған 11 орындық жасалды. Оған шамамен 250 келі пластик жұмсалған.
2024 жылдан бері «Мейірімді қақпақша» жобасы аясында алматылықтар миллионнан астам қақпақ жинаған. Олардан шахмат жиынтықтары, салпыншақтар, шырша ойыншықтары және басқа да бұйымдар жасалады.
Қалада ECO Network желісінің екі Эко-хабы жұмыс істейді. Олар Марков көшесінде және Satbayev University базасында орналасқан. Мұнда қайта өңдеуге болатын түрлі қалдықтар қабылданып, экологиялық акциялар өткізіледі. Сондай-ақ келушілерге қалдықтарды қайта пайдалану технологиясы таныстырылады.