Қауіпті маневрлер, өзгертілген конструкция және куәліксіз көлік басқару: ШҚО-да бір аптада 800-ден астам құқық бұзушылық тіркелді
Абайсыз жасалған маневр жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Автокөлік конструкциясына өз бетінше өзгеріс енгізу оның басқарылуына әсер етеді, ал жүргізуші куәлігі жоқ адамның рөлге отыруы өзіне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік полиция қызметкерлері дәл осындай құқық бұзушылықтардың жолын кесуге ерекше назар аударуда.
Алты күн ішінде 62 рет апаттық жағдай туғызу, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 25 дерегі және көлік басқару құқығы жоқ адамдардың рөлге отыруына қатысты 18 факті тіркелді. Жалпы осы кезеңде жол жүрісі қағидаларын бұзудың 845 дерегінің жолы кесілді.
Полиция жүргізушілерді өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырады. Рөлдегі бір ғана ойланбай жасалған әрекет ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн.
ШҚО ПД баспасөз қызметі