Астанада Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов пен Ресей Қорғаныс министрі Андрей Белоусов екіжақты кездесу өткізді.
Қазақстан Қорғаныс ведомствосының басшысы әріптесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан әскери реформа туралы хабардар етті. Реформа әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғыртуға, цифрлық технологияларды енгізуге және жауынгерлік даярлықтың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған.
Генерал-майор Айдос Мырзахметов сондай-ақ Қорғаныс министрлігі әскери білім берудің практикалық бағытын күшейтіп, оның әскерлермен байланысын нығайтып жатқанын атап өтті. Офицерлерді даярлау барысында заманауи талаптар мен әскери технологиялардың даму үрдістері ескерілетін болады. Бұл түлектердің әскери қызметке кәсіби тұрғыдан неғұрлым сапалы дайындалуына мүмкіндік береді.
Реформаның мақсаты – қазіргі ахуал тұрғысынан мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарулы күштердің дайындық деңгейін арттыру.
Сонымен қатар, тараптар әскери кадрларды даярлау, жауынгерлік дайындық және әскери-техникалық өзара іс-қимыл мәселелері қамтылған 2027 жылға арналған екіжақты ынтымақтастық жоспарының жобасын талқылады.
Екі ел қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, жауынгерлік және кәсіби даярлық бағытында тәжірибе алмасуға ниетті екендерін білдірді. Сондай-ақ оқытушылар арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою, бірлескен ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткізу мүмкіндіктері қарастырылмақ.