Тәуекел топтар профилактикасы басты орында

Тәуекел топтар профилактикасы басты орында

Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын азаматтар ұзақ уақыт бойы отбасынан, туған туыстарынан және қалыпты әлеуметтік ортасынан жырақта жүреді.

Мұндай еңбек тәртібі кейбір азаматтардың әлеуметтік байланыстарының әлсіреуіне, ақпараттық ортадағы түрлі ықпалдарға жиы тап болуына және профилактикалық іс-шараларға тұрақты қатыса алмауына себеп болуы мүмкін.

Осыған байланысты, аталған санаттағы азаматтар арасында экстремистік және террористік идеологияның таралуына жол бермеу, діни сауаттылықты арттыру және теріс діни ағымдардың ықпалына қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізу маңызды.

Осы ретте, Түркістан облысы Терроризмге қарсы комиссиясының үйлестіруімен Созақ ауданында орналасқан шетелдік бірлескен кәсіпорындарында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын қызметкерлерге қатысты терроризм мен экстремизмге қарсы жиналыстар өткізілді.

Кездесудің мақсаты – азаматтарды экстремистік және террористік қауіптерден қорғау, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту болып табылады.

Кездесу барысында спикерлер әлеуметтік желілерде радикалды идеологияларды насихаттаушы уағыздаушылар туралы ақпарат беріп, сақтану қажеттігін ескертті және радикалданудың негізгі себептері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мамандар қоғамда белең алып жатқан жат діни ағымдарды ажыратудың жолдарын баяндады.

Қандай-да бір радикалды көзқарастар мен күмәнді діни насихат белгілері байқалған жағдайда тиісті мамандардан кеңес алу қажеттілігі түсіндірілді.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптарын алды.

Материал Түркістан облысы ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/antiterrosticheskiy-centr/press/news/details/1323532?lang=kk