Қазіргі таңда діни экстремизм мен радикалды ағымдар қоғам тұрақтылығына елеулі қауіп төндіретін өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, интернет кеңістігі арқылы жалған діни ақпарат таратып, жастардың санасын улауға тырысатын теріс пиғылды топтардың әрекеті алаңдатарлық жағдай қалыптастыруда. Сондықтан қоғамда дінтанулық сауаттылықты арттыру, жастарды радикалды идеологияның ықпалынан сақтау, дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау – маңызды міндеттердің бірі.
Осы бағытта М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжі студенттерімен, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен, Ә.Тәжібаев облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарымен және Жаңақорған ауданы Байкенже ауылындағы «Қызылқұм» ЖШС ұжымымен тағылымды кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесулерге орталықтың теолог маманы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Б.Оспанов, аға маман О.Нарымбетов және психолог Қ.Қойшыбаева қатысып, қоғам үшін өзекті мәселелер төңірегінде мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.
Жиын барысында жастарға шетелде діни білім алудың қауіп-қатері, интернет кеңістігіндегі діни ақпараттарды саралап, дұрыс қабылдаудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, еңбек ұжымдарымен өткен кездесулерде радикалды топтардың арбау әдіс-тәсілдері, діни экстремизмнің қоғам тұрақтылығына төндіретін қаупі кеңінен баяндалды.
Келелі басқосулар еркін пікір алмасу алаңына айналып, қатысушылар зайырлылық қағидаттары, діни сенім бостандығы және рухани қауіпсіздік мәселелері бойынша өз көзқарастарын ортаға салды.
Материал Қызылорда облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды