2026 жылдың 9 айында Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) жарнамасы саласындағы заңнама талаптарының сақталуына қатысты 2 976 жарнама таратушыға мониторинг жүргізілді.
Мониторинг аясында Instagram, Facebook, YouTube және басқа да цифрлық платформаларды қоса алғанда, 2 641 интернет-ресурс, сондай-ақ 335 бұқаралық ақпарат құралы қамтылды.
Мониторинг нәтижесінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі (МТК) жоқ, алдын ала тапсырыс беру арқылы онлайн сауда тәсілімен сатылатын ББҚ-ның жарнамасы орналастырылған 1 008 интернет-профиль анықталды.
Анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында жарнама таратушыларға 349 ұсыным хат, сондай-ақ заңсыз жарнаманы жою бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін құзырлы мемлекеттік органдарға 7 хат жолданды. Meta компаниясы тиісті жұмысты жүргізуде.
Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстары аясында «Атамекен» ҰКП филиалдары мен басқа да мемлекеттік органдарға 20 хат жолданды.
Халық арасында да ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Есепті кезеңде ББҚ жарнамасы мен айналымы мәселелері бойынша мақалалар, сөз сөйлеулер және басқа да жарияланымдарды қамтитын 5 342 ақпараттық материал дайындалып, таратылды.
Аталған жұмыс жарнама саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Қазақстанда мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі жоқ ББҚ жарнамалайтын 1 000-нан астам интернет-профиль анықталды
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/press/news/details/1323476?lang=kk