Минск, 2026 жылғы 4 қараша – 2026 жылғы 3–4 қарашада Беларусь астанасында Еуразиялық қауіпсіздік жөніндегі IV Минск халықаралық конференциясы өтуде. Аталған форумға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев бастаған қазақстандық делегация қатысуда.
Ауқымды халықаралық алаңға 50-ден астам мемлекеттен 600-ден астам қатысушы, оның ішінде халықаралық ұйымдар мен сыртқы саяси ведомстволардың басшылары, жоғары лауазымды дипломаттар және сарапшылық топтардың өкілдері жиналды.
Конференцияның пленарлық отырысын Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко ашты. Форумда Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Мьянма Одағының Сыртқы істер министрі Тин Маун Све, Қытай Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Сунь Линьцзян, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоғлу, ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков, ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, сондай-ақ Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және басқа да мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдері сөз сөйледі.
Конференция аясында Еуразиялық қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру, стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қару-жарақты бақылау, әскери тәуекелдерді басқару, сондай-ақ ақпараттық, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Е.Қоныспаев геосаяси шиеленіс сақталып отырған жағдайда өзара сенімді нығайту, ашық диалог жүргізу және мемлекеттердің өзара қолайлы шешімдерді іздеуге дайын болуы ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Министрдің орынбасары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тұрақтылық пен орнықты дамудың бірінші кезектегі маңызын, халықаралық шиеленісті бәсеңдету және сындарлы диалогты қайта жандандыру үшін жаңа оң күн тәртібін қалыптастыру қажеттігін бірнеше мәрте атап өткеніне назар аударды.
БҰҰ Жарғысында бекітілген халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын, оның ішінде мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, күш қолданбау, дауларды бейбіт жолмен реттеу және ішкі істеріне араласпау қағидаттарын сақтау қажеттігі атап өтілді.
Қазақстанның халықаралық құқық пен өзара құрмет қағидаттары негізінде жалпыеуразиялық диалогты дамытуға, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге сындарлы үлес қосуға дайын екені расталды.
Қазақстандық делегация басшысы Минск конференциясының өңірлік тұрақтылықтың өзекті мәселелері талқыланатын маңызды халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Төртінші жыл қатарынан өткізіліп отырған форум түрлі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін, сарапшылар қауымдастығын біріктіріп, диалогты дамытуға және қазіргі заманның сын-қатерлерін еңсерудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге ықпал етеді.