Биыл ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 29 мерзімді әскери қызметшісі Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Академиясына оқуға түсті. Жуырда ғана әскери бөлімдерде Отан алдындағы борышын өтеген олар бүгінде офицерлік мамандықтарды меңгеріп жатыр. Әрқайсысының бұл таңдауға келуіне өзіндік себеп пен әскери қызметте жинаған тәжірибесі негіз болған.
Данияр Берікқалиевтің офицер болу ниетіне ерекше есте қалған бір сәт әсер еткен. 2025 жылы Құрмет қарауыл ротасында қызмет етіп жүрген кезінде жас лейтенанттардың салтанатты шығарылым рәсіміне қатысады. Салтанатты шараны тамашалап тұрып, өзін солардың орнында елестетеді. Сол сәттен бастап офицер болам деген арманы пайда болған.
Бүгінде курсанттың екі жыл әскери қызмет өтілі бар. Алғашқы жылын мерзімді әскери қызметте өткізсе, екінші жылын келісімшарт негізінде жалғастырған. Данияр әке жолын да жалғап келеді. Әкесі Ерлан Ипатов Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінің командирі. Қазір Данияр да осы жолды таңдап, командалық-тактикалық басқару мамандығы бойынша білім алып жатыр.
Ал Айсері Еркінбек әскери мамандықты таңдауға Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргенде қызығушылық танытқан. Ол қарауыл құрамында сақшы міндетін атқарды. Әскердегі бір жыл ішінде жас сарбаз әскери қызметшілердің күн тәртібіне қалай бейімделетініне, жаңа ортаға қалай үйренетініне назар аударады. Сарбаздардың мінез-құлқы мен бейімделу үдерісін бақылау оның әскери психологияға деген қызығушылығын оятқан. Қазір Айсері осы бағыт бойынша білім алып жатыр.
Курсанттардың қатарында Бағдәулет Амангелді де бар. Ол әскери қызметшілерге тегін білім алуға мүмкіндік беретін «Сарбаз 2.0» бағдарламасының білім гранты арқылы Академияға түскен. Мерзімді әскери қызметін Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде өтеді. Патрульдік жасақ құрамында жүріп, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысқан. Академияны тәмамдаған соң офицерлік жолын Бағдәулет взвод командирі лауазымында бастайды.
29 жас жігіттің әрқайсысы үшін мерзімді әскери қызмет әскери мансаптың мүмкіндіктерін тануға жол ашты. Жинаған тәжірибесі олардың әскери қызметті жалғастырып, болашағын Ұлттық ұланмен байланыстыруға деген ынтасын арттырды. Бүгінде олар курсант атанып, кәсіби тұрғыда шыңдалып, болашақ офицер ретінде қалыптасу жолында білім алып жатыр.
Айта кетейік, Академия – Қазақстанда құқықтық тәртіп әскерлеріне офицерлер даярлайтын жалғыз әскери оқу орны. Мұнда оқу сегіз мамандық бойынша жүргізіледі.
Оқу орны ашылғаннан бері 26 түлек шығарылды. Бүгінде Академияның 6 мыңнан астам түлегі Ұлттық ұланда және басқа да күштік құрылымдарда абыройлы қызмет атқарып жүр.