Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сәйкестікті бағалау және аккредиттеу мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Жиында саланың қазіргі жағдайы талқыланып, ұлттық аккредиттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қаралды.
Аккредиттеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, бақылауды күшейтуге және қолданыстағы талаптарды жеңілдетуге баса назар аударылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 1 764 аккредиттеу субъектісі жұмыс істейді. 2026 жылдың тоғыз айында 418 бақылау шарасы жүргізіліп, оның 378-інде заң талаптарының бұзылғаны анықталды. Нәтижесінде 27 аккредиттеу аттестатының қолданылуы уақытша тоқтатылып, 30 297 құжаттың күші жойылды.
Жүйені жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі - қолданыстағы талаптарды жеңілдету. Бүгінде Ұлттық аккредиттеу орталығының қызметі 79 ішкі нормативтік құжатпен реттеледі.
Осыған орай аккредиттеудің жаңа қағидаларының жобасы әзірленді. Құжат «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Қазақстанның сәйкестікті бағалау органдары қауымдастығымен келісілді.
Жаңа қағидалар қабылданғаннан кейін 20 ішкі нормативтік құжаттың күшін жою жоспарланып отыр. Бұл талаптарды түсінікті етіп, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.
Жиында сынақ зертханалары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, зертхана басшыларында сарапшы-аудитор мәртебесінің болуын міндеттеу ұсынылды.
Сонымен қатар Ұлттық аккредиттеу орталығы аккредиттеу рәсімдерін жеңілдету және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту бойынша бірқатар ұсыныс енгізді.
Атап айтқанда, жоспарлы бағалау жұмыстарын қашықтан жүргізу, сертификаттау органдарының инспекциялық бағалауы кезінде отандық өндірушілерге қолдау көрсету, бір аккредиттеу аттестатымен әртүрлі қалаларда зертханалардың жұмыс істеу тәжірибесін тоқтату ұсынылды. Сондай-ақ инспекциялық органдардың аккредиттеу салаларын жетілдіру көзделіп отыр.
Ал рәсімнің ашықтығын арттыру үшін фото және бейнетіркеуді міндетті түрде қолдану ұсынылды. Бұл ретте бағалау жүргізетін мамандарды жеке бейнежетондармен қамтамасыз ету және сынақ жабдықтарын сәйкестендіру жүйесін енгізу мәселесі қарастырылуда.
Ұсынылған шаралар заңбұзушылықтардың алдын алуға, бағалау жұмыстарының қалай жүргізілгенін бақылауға және сынақ нәтижелерінің сенімділігін арттыруға бағытталған.