І. ОМАРОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТР ПӘКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ MAAS ФЕСТИВАЛІНДЕ ӨНЕР КӨРСЕТТІ

І. ОМАРОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТР ПӘКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ MAAS ФЕСТИВАЛІНДЕ ӨНЕР КӨРСЕТТІ

2026 жылғы 23-28 қазан аралығында І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры III Punjab MAAS International Theatre Festival халықаралық театр фестиваліне қатысты (Пәкістан Ислам Республикасы, Лахор қаласы).

Аталған фестиваль MAAS Foundation қоры мен Лахор өнер кеңесінің (Lahore Arts Council) ұйымдастыруымен өтіп, Қазақстан, Пәкістан, Бангладеш, Норвегия, Франция және Индонезия елдерінің театр ұжымдарын бір сахнада тоғыстырды. Халықаралық шығармашылық алаңның басты мақсаты – театр өнері арқылы мәдениеттер арасындағы байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты дамыту.

Қазақстанның атынан қатысқан І. Омаров атындағы театр фестиваль көрермендеріне қазақтың көрнекті ақын-жазушысы Мағжан Жұмабаевтың шығармасы негізінде сахналанған «Шолпанның күнәсі» спектаклін ұсынды.

Қойылымда адамгершілік, ар-ождан, махаббат пен жауапкершілік секілді терең философиялық тақырыптар көрініс тапқан. Қазақ әдебиетінің көрнекті туындысын шетелдік сахнада таныстыру арқылы театр ұжымы ұлттық драматургияның көркемдік ерекшелігін, қазақ халқының рухани құндылықтары мен мәдени болмысын халықаралық көрерменге жеткізді.

І. Омаров атындағы театрдың бұл халықаралық фестивальге қатысуы – қазақ театр өнерін шетелде насихаттау, ұлттық әдеби мұраны әлемдік мәдени кеңістікте таныту және Қазақстан мен Пәкістан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-madeniet/press/news/details/1323371?lang=kk