Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығында енді Темір ауданымен қатар Алға, Мұғалжар, Қобда, Ойыл және Байғанин аудандарының тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық патологиялары, оның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалары кешенді оңалту көмегін тегін ала алады.
Жалпы ауданы 2 мың шаршы метрді құрайтын орталықта қазіргі уақытта 11 бала оңалтудан өтуде. Нысан негізінен бір мезгілде кемінде 50 баланы қабылдауға қауқарлы.
Орталықта АВА-терапия, сенсорлық интеграция, емдік дене шынықтыру және механотерапия кабинеттері, тұз бөлмесі, иммерсиялық ванна, сондай-ақ еңбек және арт-терапия шеберханалары бар.
Балалармен невролог, психолог, логопед, дефектолог және емдік дене шынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді. Сонымен қатар ерте араласу және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеттері қарастырылған. Оңалту шаралары әр баланың жеке қажеттіліктері мен даму ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіледі. Дәрігерлер мен бейінді мамандардан құралған мультидисциплинарлық топ әр балаға жеке даму бағдарламасын әзірлейді.
Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – балаларға күндізгі және тәулік бойы стационар жағдайында көмек көрсету мүмкіндігі. Бұл, әсіресе, аудан мен жақын ауылдарда тұратын отбасылар үшін маңызды. Енді ата-аналар балаларын оңалту үшін облыс орталығына тұрақты түрде қатынамай-ақ, қажетті қызметтерді осы жерден ала алады.
Қызмет сапасын қамтамасыз ету мақсатында орталықтың 30 маманы арнайы кәсіби даярлықтан өтіп, біліктілігін арттырды.
Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов орталықтың ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы әрі қолжетімді көмек көрсетудегі маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай әлеуметтік нысандар балалардың дамуына қолдау көрсетіп қана қоймай, ата-аналардың да әлеуметтік жүктемесін жеңілдетеді.
Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов та орталықтың ашылуы аудан тұрғындары үшін маңызды оқиға екенін жеткізді. Енді отбасылар балаларын оңалту үшін облыс орталығына сабылмайды.
Орталықтың жұмысы ата-аналар тарапынан да оң бағаға ие.
«Осындай заманауи оңалту орталығының өз ауданымызда ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұған дейін балаларымызға қажетті оңалту шараларын алу үшін облыс орталығына баруға тура келетін. Енді сапалы әрі кәсіби көмекті өз өңірімізде тегін алуға мүмкіндік туып отыр. Бұл – біз, ата-аналар үшін үлкен қолдау. Орталық мамандарына алғысымды білдіремін. Балаларымыздың дамуына, қоғамға бейімделуіне осындай жағдай жасалып жатқаны көңілімізге сенім ұялатады», – деді Жақсымай ауылдық округінің тұрғыны Рая Умирова.
Шұбарқұдық кентінің тұрғыны Анаргүл Қосқұлақова үшін де орталықтың пайдалануға берілуі ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін көптен күткен жаңалық.
«Заманауи оңалту орталығының ауданымызда ашылғанына қуаныштымын. Бұл – ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналары үшін үлкен мүмкіндік. Балаларымыз енді қажетті оңалту қызметтерін өз өңірімізде, білікті мамандардың көмегімен ала алады. Әсіресе, барлық қызметтің тегін көрсетілуі – ата-аналар үшін үлкен қолдау. Осындай игі бастаманы жүзеге асыруға үлес қосқан «Самұрық-Қазына» АҚ және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорына аналық алғысымды білдіремін», – деді Анаргүл Қосқұлақова.
Орталықта өткен ашық есік күніне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғ. Елеуов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Л. Уразбаева, Темір ауданының әкімі А. Жақсылықов, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Ә. Әдиева және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қоры директорының орынбасары А. Еркінова қатысты.
Қонақтар орталықты аралап, арнайы кабинеттердің жұмысы, заманауи құрал-жабдықтар және балаларға көрсетілетін оңалту қызметтерімен танысты.
Айта кетейік, «Ainala» оңалту орталығы Мемлекет басшысының ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау жөніндегі тапсырмалары аясында Ақтөбе облысы әкімдігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорының серіктестігі нәтижесінде жүзеге асырылды.