Қарағандыда Вера Карпованы еске алуға арналған жарыс басталды

Қарағандыда Вера Карпованы еске алуға арналған жарыс басталды

Қарағандыда Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері арасында жеңіл атлетиканың төртсайыс түрінен XXI республикалық матчтық кездесу өтуде. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вера Карпованы еске алуға арналған жарысқа 2013 жылы туған және одан кейінгі жылдары дүниеге келген 88 жас спортшы қатысып жатыр. Олар 10 команда құрамында бақ сынайды.

Жарысқа еліміздің бес облысынан келген командалар қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салуда. Сайыс жеке және командалық есепте өтеді. Жас жеңіл атлеттер 60 метрге жүгіру, ұзындыққа және биіктікке секіру, сондай-ақ кросс бойынша сынға түседі.

Турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, марқұм Вера Федоровнаның жұбайы Василий Карпов қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттық биіктерден көрінуіне ақжарма тілегін білдірді. 

Сондай-ақ Олимпиадалық резерв даярлау орталығының басшысы Ерден Халилин жас спортшыларға сәт сапар тіледі.

— Жастар үшін салауатты өмір салтын ұстану басты басымдықтардың бірі болуы керек. Бүгінгі жарыс жай ғана спорттық бәсеке емес, сонымен қатар сіздер үшін мол тәжірибе жинақтауға берілген мүмкіндік. Қарағанды өңірі спортшыларымен танымал. Осы жеңіл атлетика жолдарында жаттығып, шыңдалған талай спортшы Олимпиада чемпионы, әлем және Азия ойындарының жеңімпазы атанды, — деді Ерден Халилин.

Қарағандыдағы бұл жарыс көптеген команданың жыл сайын асыға күтетін дәстүрлі додасына айналған. 

Оның тұрақты қатысушыларының қатарында Павлодар облысының командасы да бар. Жаттықтырушы Дамил Сүтжанов жыл сайын шәкірттерін осы турнирге арнайы алып келеді.

Былтыр павлодарлық қыздар командалық есепте үшінші орын иеленсе, ұлдар төртінші орынға тұрақтаған. Жеке сайыстарда команда спортшылары биіктікке және ұзындыққа секіруден, сондай-ақ 500 метрге жүгіруден жүлдегер атанды. Дегенмен әзірге ең жоғары марапат — алтын медальға қол жеткізе алмай келеді.

— Біз бұл турнирді жыл сайынғы жарыс күнтізбесінен қалдырмауға тырысамыз. Өйткені балалар үшін бұл — өз мүмкіндіктерін сынап, жарыс тәжірибесін молайтудың жақсы жолы. Биыл көптен күткен алтын жүлдені жеңіп алуға ниеттіміз. Қыздар арасында 500 метрге жүгіруден, ұлдар арасында спринттен, сондай-ақ ұзындыққа секіруден жүлде күтеміз, — деді Дамил Сүтжанов.

Қарағанды құрамасының намысын қорғайтын София Ергашева өңірдегі ең жүйрік жас спортшылардың бірі саналады. Биыл ол Петропавлда өткен жарыста 60 метрге жүгіруден Қазақстан чемпионы атанған.

— Бұл турнирге алғаш рет қатысып отырмын. 60 метрге жүгіруден жақсы нәтиже көрсеткім келеді. Эстафетада да табысты өнер көрсетемін деп үміттенемін. Қашықтықты жақсы жүгіріп өтіп, өз көрсеткішімді жақсартқым келеді, — деді жас спортшы.

Қарағанды командасының тағы бір өкілі Алиса Дьякова да қысқа қашықтыққа жүгіруден жоғары нәтиже көрсетуге ниетті. Ол турнир барысында үш сайыс түрінен — 60 метрге жүгіруден, ұзындыққа және биіктікке секіруден бақ сынайды.

— Жеңіл атлетика мен үшін бәрінен қымбат. Бұл спорт түрімен айналысқанды жаным сүйеді. Тіпті өмірімді онсыз елестете алмаймын. Әсіресе 60 метрге жүгіруден жақсы нәтиже көрсетіп, финалға шыққым келеді. Биіктікке секірудегі қазіргі көрсеткішім — 1 метр 30 сантиметр. Ал бұл жолы 1 метр 40–45 сантиметр биіктікті бағындыруды көздеп отырмын. Жеке рекордымды жаңартсам деймін, — деді Алиса.

Жарыс қазақстандық жеңіл атлет, білікті жаттықтырушы Вера Карпованың есімімен аталады. Ол Қазақстан рекордын 19 рет жаңартып, КСРО қысқы чемпионатында жеңімпаз атанған. Сондай-ақ бессайыстан Еуропа кубогының командалық біріншілігінде топ жарып, халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген.

Вера Карпова жеңіл атлетикадан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жоғары санатты жаттықтырушы-оқытушы болып қызмет атқарып, талай дарынды спортшыны тәрбиелеп шығарды. 2007 жылы оған жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы қайтыс болғаннан кейін берілді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1323247?lang=kk