Ақтөбе облысының Байғанин ауданында полицейдің қырағылығы мен жедел әрекетінің арқасында адам өмірі құтқарылды.
2026 жылғы 1 қарашада Байғанин ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Нұрмағамбет Байжазық қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында өзі қызмет көрсететін Алтай батыр ауылын аралап жүрген. Сағат 16:00 шамасында ол Орталық көшесіндегі 37-үйдің төбесі мен терезесінен түтін шығып жатқанын байқаған.
Жағдайдың қауіпті болуы мүмкін екенін аңғарған полицей дереу барып, үйге кірген. Алғашында түтінге оранған үйдің ішінен адамның бар-жоғы байқалмаған. Полиция капитаны Нұрмағамбет Байжазық жылдам су тасып, тұтанған өртті сөндіруге көшкен. Өртті сөндіре жүріп, ол 102 арнасы мен ауылдық округ әкіміне хабар беріп, жедел көмек сұраған.
Өрт қаупін жылдам сейілтіп, түтіндеген үйге қайта кірген кезде полицей ес-түссіз жатқан ер адамды байқаған. Келіп жеткен ауыл әкімімен бірге өміріне қауіп төнген адамды үйден сыртқа алып шыққан. Оқиға орнында зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырылған.
Кейін анықталғандай, үйдегі пештің айналасы отқа оранып, төбедегі мұржаның түбі жанған.
Оқиғадан кейін ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Бибатша Абенова полиция қызметкеріне әсерлі жазба жолдап, аналық алғысын жеткізді.
«Ана ретінде баламның тірі қалғанына қатты қуанып отырмын. Баламды аман алып қалғаны Нұрмағамбетке алғысым шексіз. Дені сау болсын, осындай жандар көбейе берсін!» деп ақ батасын арнады толқыған зейнеткер.