Ақтөбе қаласындағы «Айс» ЖШС ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттарды талқылады.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты.
Жиында Жолдауда белгіленген әлеуметтік-экономикалық міндеттер, соның ішінде отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экологиялық мәселелерді шешу бағыттары сөз болды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева өз сөзінде Жолдауда еңбек адамының мәртебесін көтеруге, кәсіпкерлікті қолдауға және өндіріс әлеуетін арттыруға ерекше мән берілгенін атап өтті.
— Президент Жолдауында отандық өндірісті қолдауға, кәсіпкерлікті дамытуға және еңбек өнімділігін арттыруға басымдық берілген. Бұл міндеттердің ауыл шаруашылығы саласына да тікелей қатысы бар. Өнім өндірумен қатар, оны өңдеп, ішкі нарыққа ұсынып отырған кәсіпорындарды қолдау маңызды. Мұндай өндіріс орындары жергілікті өнім көлемін арттырып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондықтан кәсіпорындардың өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге ұмтылуы – бүгінгі күннің басты талабы, – деді Гүлқасима Сүйінтаева.
Ерболат Қожықов өндірісті дамыту қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараумен қатар жүруі қажеттігін айтты.
— Жолдауда халықтың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, қоршаған ортаның жағдайына да айрықша көңіл бөлінген. Өндіріс дамуы керек, алайда бұл үдеріс табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен, экологиялық талаптарды сақтаумен және заманауи технологияларды енгізумен қатар жүруге тиіс, – деді комитет төрағасы.
Кездесу барысында «Айс» кәсіпорнының бүгінгі өндірістік әлеуеті мен алдағы даму жоспарлары да таныстырылды.
Қазіргі таңда кәсіпорынның Мәртөк ауданында орналасқан жеке сүт-тауарлы фермасынан тәулігіне 50–70 тонна сүт қабылданып, өңделеді. Дайын өнім Ақтөбе қаласымен қатар Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Орал, Шымкент, Қостанай және Қызылорда қалаларына жөнелтіледі.
— Біз үшін басты міндет – халыққа табиғи әрі сапалы сүт өнімдерін ұсыну. Қазір тәулігіне 50–70 тонна сүт өңдейміз. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Өндірісті ұлғайту тек өнім көлемін арттырумен шектелмейді. Ол жаңа технологияларды енгізуді, мамандардың біліктілігін арттыруды және жұмыс үдерістерін цифрландыруды талап етеді. Президент Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, инновацияларды өндіріске енгізу, халықтың табысын арттыру және импортқа тәуелділікті азайту мәселелері көтерілді. Біздің алға қойған жоспарларымыз да осы міндеттермен үндеседі, – деді «Айс» компаниясының сүт өңдеу цехының басшысы Бекболат Әнесұлы.
Кәсіпорынның сүт-тауарлы фермасында да өндірісті кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде мұнда 1000 сауын сиыр бар, ал ірі қараның жалпы саны 3200 басқа жетеді. Ферманың жылдық сүт өндіру қуаты 12 664 тоннаны құрайды.